Қоғам

Белгілі қазақстандық дәрігер қайтыс болды

© Sputnik / Илья Питалев / Медиабанкке өтуДәрігер
Дәрігер - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.03.2021
Жазылу
Саналы ғұмырын медицина саласына арнаған онколог 350-ден астам еңбек жариялады, оның елуі шет елдерде жарық көрді

НҰР-СҰЛТАН, 9 наурыз – Sputnik. Алматыда 79 жасқа қараған шағында Қазақстан онкологтар қауымдастығының мүшесі, жоғары санаттағы онколог дәрігер, академик, профессор, медицина ғылымдарының докторы Райымқұл Қарақұлов өмірден өтті.

Онкологтың қазасы туралы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты Facebook-те хабарлады.

"Бүгін түнде біздің қымбатты профессорымыз, ұстазымыз, Қазақ онкология және радиология ҒЗИ Гематология және сүйек кемігі трансплантациясы орталығының онколог дәрігері – Райымқұл Қарақұлұлы Қарақұлов дүниеден озды. "ҚазОРҒЗИ" АҚ басқарма төрағасы Диляра Қайдарова бастаған институт ұжымы Райымқұл Қарақұлұлының отбасы мен жақындарына көңіл айтады. Бұл Қазақстанның медицина және онкология қоғамдастығы үшін орны толмас қаза", - делінген хабарламада.

Әріптестерінің айтуынша, Райымқұл Қарақұлов біліктілігі жоғары маман болған, дәрігерлер мен пациенттер оны кәсібилігі, адамгершілігі, жауапкершілігі үшін өте қатты сыйлайтын.

Ол 350-ден астам еңбек жариялады, оның 50-і – шетелде. Бұған қоса, екі монографияның авторы.

Райымқұл Қарақұлов 1942 жылы 13 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Жаңабазар ауылында туған. 1967 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын, педиатр факультетін тәмамдады.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына 1971 жылы қарапайым лаборант болып кірді. 1984 жылдан гемобластоз бөлімінде жұмыс істеді, ҚазОРҒЗИ-да осы бөлімді құрғандардың бірі. 1993 жылдан 1999 жылға дейін бөлім жетекшісі, кейін химиотерапия бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Соңғы жылдары Қазақ онкология және радиология ҒЗИ Гематология және сүйек кемігі трансплантациясы орталығының профессоры болды.

Ғылыми зерттеулердегі жетістіктері үшін "КСРО өнертапқышы" және "КСРО денсаулық саласының үздігі", "Еңбек ардагері" медалімен марапатталған.

Былтыр желтоқсанда, институттың 60 жылдығы құрметіне "Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі" төс белгісі табысталды.

Жаңалықтар
0