Қоғам

"Үйде қарапайым әйелмін": қауіпті мамандықты таңдаған қыз-келіншектердің әңгімесі

© Photo : Ақерке Шопатаеваның жеке архивіненТікұшақ басқаратын әйел Ақерке Шопатаева
Тікұшақ басқаратын әйел Ақерке Шопатаева - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.03.2021
Жазылу
Sputnik Қазақстан тілшісі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай адам өмірі үшін отқа да, суға да түсетін құтқарушы қыздармен тілдесті

НҰР-СҰЛТАН, 8 наурыз – Sputnik. Табиғатынан жаны нәзік, рухы асқақ әйел заты ешқандай саланы жатсынған емес. Бүгінде олар үйдегі тірліктен бөлек, түздегі шаруаны дөңгелетіп жүр. Еңбекті ерлермен қатар атқарып, ауыр жұмысқа білек сыбана кіріседі. 

Тікұшақ басқаратын көпбалалы ана

35 жастағы Ақерке Шопатаева төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты "Қазавиақұтқару" компаниясында істейді. Қазір көпбалалы ана декретте отыр. Екі ай бұрын төртінші сәбиін дүниеге әкелді.

Қайсарлығы мен нәзіктігі жарасқан келіншек МИ-8 ауыр тікұшағын басқарады. Өрт, лай көшкіні, апат, іздеу-құтқару жұмыстары – қайсысына шақыру түссе, соған ұшады.

Айтуынша, авиацияны таңдауға анасы мен жойғыш ұшақты басқарған ұшқыш, Ұлы Отан соғысына қатысқан Василий Жовтый түрткі болған.

© Photo : Ақерке Шопатаеваның жеке архивіненАқерке Шопатаева ұзақ жылдар "Қазавиақұтқаруда" тікұшақ тізгіндеген жалғыз әйел болған
Үйде қарапайым әйелмін: қауіпті мамандықты таңдаған қыз-келіншектердің әңгімесі - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.03.2021
Ақерке Шопатаева ұзақ жылдар "Қазавиақұтқаруда" тікұшақ тізгіндеген жалғыз әйел болған

"Он бірінші сыныпта мектепке Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Леонтьевич Жовтый келді. Ол кісі мектеп түлектеріне Досааф деген аэроклубты жарнамалады. "Як-52, Як-18Т ұшақтарында ұшып үйренгілерің келсе, бізге келіңдер" деді. Мен мән берген жоқпын. Содан үйге келіп, дастарқан басында анама мектепте осындай жаңалықтар болып жатыр деп едім, анам бірден "қай күні бару керек?" деп сұрады. Сөйтті де, "жүр, барасың" деді. Аса қатты қызықпасам да, анамның сөзін жерге тастамадым", - деп бастады әңгімесін ұшқыш әйел.

Ұшаққа отырғаннан кейін Ақеркенің авиацияға деген махаббаты оянады. Осылайша ұшқыш болуға бел буады.

Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін Ақерке бір-екі жыл жұмыс таба алмай қиналады.

"Әйел адам болған соң, ешкім жұмысқа қабылдағысы келмеді. Сөйтіп жүргенде ұшқыш ағам телефон соқты. Жұмыс таба алмай жүргенімді айттым. Ол кісі маған "Қазавиақұтқарудың" нөмірін берді. Барып едім, ұшақта адамдар толық, тек тікұшақ қана бар деді. Ұшуды қатты армандап жүрген кезім. Бірден келісе кеттім. Сол сәттен бастап тікұшақты басқарамын", - деді Шопатаева.

Ақеркенің тікұшақпен ұшып жүргеніне он екі жылдай болған. Ұшаққа әлі де қызығады, бірақ жүрегімнің қалауы – тікұшақ дейді.

Шарасыздық...

"Бір жылдары Шарын шатқалында Франциядан келген турист қыз жоғалып кетті. Өзен ағысы ағызып әкеткен. Соны екі күн бойы іздедік. Бізбен бірге тікұшақта Франциядан келген әкесі болды. Шарын өзенінің үстінен қайта-қайта ұшамыз, ол кісі "төменірек ұшыңдаршы" деп жылап тұрып жалынады. Бауыр етің – балаңнан айырылу қиын ғой. Осы өмірдегі ең жаманы сол шығар...Командиріміз әлгі ер адамның жасқа толы көздерін көріп, мүмкіндігінше төмен ұшты. Екі күн бойы іздедік, бірақ, өкінішке қарай, қыз табылмады", - деп еске алды әйел.

Тағы оқыңыз: Ақшаны "копилкаға" да жинадық: 8 баланың анасы астанадан екі пәтерді қалай алғанын айтты

Айтуынша, төтенше жағдайлар саласында жүрген соң, адам неше түрлі қиындықтармен бет-бет келеді. Бастысы – психологиялық жағынан мықты болу.

Алматылық әйел он екі жыл ішінде 500-ден астам сағатын әуеде өткізген.

Сүйікті жар, сыйлы келін, аяулы ана

Ақерке Шопатаева жолдасымен Қазавиақұтқаруда танысқан. Жұбайы – бортинженер. Өзі де авиация саласында жүрген соң, жарының ұшуына ешқашан қарсы болмапты. Енесі де үнемі қолдап-қолпаштап отырады, немерелерін бағады.

"Мен тікұшақта ғана ұшқышпын, қалған уақытта қарапайым әйелмін. Үйдегі тірлігім мен түздегі жұмысымды бір-біріне араластырмаймын. Кейбіреулері ұшқыш болу әйел адамға ауыр деп айтып жатады. Мен мұнымен келіспеймін. Әр мамандықтың ауыр-жеңілі бар. Мысалы, тамақты әйелдер ғана емес, еркектер де керемет пісіреді. Сол сияқты ұшақты ер адаммен қатар әйел де жақсы басқара алады. Бәрі адамның өзіне байланысты", - деп санайды көпбалалы әйел.

Декретте отырған ана тікұшақты қатты сағынып қалғанын айтты. Кішкентайы өскен соң, міндетті түрде жұмысқа ораламын деп отыр.

Айтпақшы, Ақерке Шопатаева ұзақ жылдар "Қазавиақұтқаруда" тікұшақ тізгіндеген жалғыз әйел болған. Осыдан бір жыл бұрын компанияға тағы бір нәзік жан келді.

Адамдық борыш

24 жастағы Перизат Серік "Қазавиақұтқару" АҚ-да ЕС-145 тікұшағында екінші ұшқыш болып қызмет атқарады. Компанияға өткен жылы жұмысқа тұрған.

"Ұшқыш боламын деп кішкентай кезімнен армандаған жоқпын. Бұл әкемнің арманы еді, балаларының біреуі ұшқыш болғанын қалайтын", - деп бастады әңгімесін Перизат.

Айтуынша, "Қазавиақұтқаруда" адам тек ұшып қана қоймай, адамның өмірін сақтап қалады, яғни адамдық борышын өтейді. Перизат та төтенше жағдайларды осы себептен таңдаған.

© Photo : Перизат Серіктің жеке архивіненҰшқыш Перизат Серік
Үйде қарапайым әйелмін: қауіпті мамандықты таңдаған қыз-келіншектердің әңгімесі - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.03.2021
Ұшқыш Перизат Серік

"Біз медициналық көмекке, өрт, су апаттарына, іздеу, құтқару жұмыстарына барамыз. Ол жерде сіздің көмегіңізді күтіп тұрған адамдардың бар екенін білу және оларға көмектесудің өзі үлкен бақыт деп ойлаймын", - дейді ол.

Перизат қазір тәжірибе жинап жүрген ұшқыштардың бірі. Тікұшақпен небәрі 145 сағат ұшқан.

"Ең алғаш әуеге көтерілген кезімде өзімді бақытты адам сезіндім. Қорқыныш болған жоқ. Тікұшақта отырып бұл менің салам екенін, осы жолда жүруім керек екен түсіндім", - дейді жас қыз.

Айтуынша, тікұшақта екінші ұшқыш штурманның қызметін атқарады. Командирдің бұйрығымен тікұшақтың жұмысқа дайындығын, қауіпсіздігін тексереді.

"Әр ұшқан сайын, ең бірінші қауіпсіздікті ойлаймын. Өйткені менің артымда жолаушыларым бар, берілген тапсырма бар. Сол тапсырманы абыроймен орындап шығуға тырысамын", - дейді ол.

Перизаттың пікірінше, авиацияда әйел немесе ер адам деп бөлінбейді. Адамның қабілеті, біліктілігі мен тәжірибелігі ғана сыналады.

Құтқару жұмыстары бойынша тікұшақтар әр облыс, әр ауданға бөлінеді. Қазір ұшқыш қыз Алматы облысында.

Оның ойынша, ұшқыш қыздардың бойынан батылдық, қайсарлық, сабырлық пен салқынқандылық сияқты қасиеттер табылуы керек.

Әңгіме соңында Перизат биікті бағындырғысы келетін сіңлілеріне армандар үшін күресуге кеңес берді.

Қауіпті мамандық иесі

Біздің үшінші кейіпкеріміз – жыл он екі ай жалынмен арпалысатын батыр ару Арайлым Қажтаева. 24 жастағы қыз Көкшетауда №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде істейді.

Ең қауіпті мамандықтардың бірін таңдаған Арайлым үшін өрт сөндіруші – абыройлы жұмыс.

"Он тоғыз жасымда өрт сөндіруші боламын деп шештім. Оған дейін басқа оймен жүрген едім. Жақындарымнан абыройлы қызмет екенін жиі еститінмін, интернеттен де өрт сөндірушілердің қаншама адамды құтқарып жатқанын көресің. Осының бәрі маған мотивация болды. Отбасым бұл жолды таңдағаныма қарсы болған жоқ. Әкем әрқашан мені қолдап жүреді", - дейді өрт сөндіруші.

© Photo : Арайлымның жеке архивіненӨрт сөндіруші қыз Арайлым Қажтаева
Үйде қарапайым әйелмін: қауіпті мамандықты таңдаған қыз-келіншектердің әңгімесі - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.03.2021
Өрт сөндіруші қыз Арайлым Қажтаева

Айтуынша, нәзік жандарға өрт сөндіруші қызметінде істеу үшін еркек мінезді болу қажет.

"Әйел ер адамға қарағанда төзімді, шыдамды. Қандай қиындық болса да, мойымай, бәріне төзіп, жетістікке жетуді көздеп тұрады. Десе де физикалық жағынан ерлердің күші мың есе артық, әрине. Бірақ әйел адам да қалыспайды", - деп санайды Қажтаева.

№2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде басқа өрт сөндіруші қыз-келіншектер жоқ. Арайлым ерлер арасында жалғыз. Бала кезден таеквондомен айналысады, сол себепті ер адамдармен жұмыс істеу қиын емес дейді.

Тағы оқыңыз: Жойғыш ұшақты басқаратын қазақ қызы жайлы не білеміз

"Ерлер мамандығын таңдаған қыздар нәзіктігін жоғалтады деген пікірмен мүлде келіспеймін. Бәрі әйелдің өзіне байланысты. Қыз жан-жақты болуы керек. Үйдегіні жұмысқа, жұмыстағыны үйге тасымайсың дегендей. Жұмысқа әбден беріліп, ер адам сияқты болып кетсең, әрине, өзгересің. Ал өзіңе өзің көңіл бөліп, күтініп жүрсең, нәзіктікті жоғалтпайсың", - дейді Арайлым.

Көкшетаулық ару тұрмыс құруға асықпайтынын жеткізді.

"Менің болашақ жарым осы жұмысыма құрметпен қарайды деген үміттемін. Егер өрт сөндіруді тастап, басқа қызметке ауысқанымды қаласа, ортақ шешім табуға тырысамын. Себебі өзіңе ұнайтын жұмысты тастау оңай емес", - дейді таеквондодан Қазақстанның спорт шебері.

Айтпақшы, Көкшетауда өрт сөндірушілер айына 108 мың теңге жалақы алады екен. Еңбек өтілі көбейген сайын, еңбекақы да арта түседі.

Жаңалықтар
0