Қоғам

Тоқаев әйелдерді 8 наурыз мерекесімен құттықтады

© Photo : Официальный сайт президента РКҚасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.03.2021
Жазылу
Президент мемлекет әйелдердің әлеуетін толық танытуына жол ашып, олардың құқығын қорғауға және тұрмыс жағдайын жақсартуға баса мән беретінін атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 8 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.

"Құрметті ханымдар! Баршаңызды Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Көктемнің шуақты мерекесі қашанда жүрегімізді сүйіспеншілік пен ізгілікке, мейірім мен шапағатқа бөлейді. Біз жыл сайын осы күні адамзатқа әсемдік сыйлайтын әйелдер қауымына ықылас-ілтипатымызды білдіріп, ақ тілек арнауға асығамыз",- деді президент.

Тоқаев әйелдердің мемлекет және қоғам өмірінде алатын орны айрықша екенін атап өтті.

"Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді" деген нақыл сөз бекер айтылмаған. Еліміз әйелдердің әлеуетін толық танытуына жол ашып, олардың құқығын қорғауға және тұрмыс жағдайын жақсартуға баса мән береді. Мемлекеттің жүйелі қолдау көрсетуінің арқасында қыз-келіншектердің экономикадағы, саясат пен қоғамдық қызметтегі рөлі жыл өткен сайын арта түсуде", - деді ол.

Мемлекет басшысы Тәуелсіздік кезеңінде әйелдер түрлі салада толағай табысқа жеткенін айтты.

"Сіздердің жетістіктеріңіз жұртты жігерлендіріп, жаңа биіктерге жетелейді, жастарға үлгі-өнеге болады. Әрқайсыңыздың белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз қоғамдағы көптеген өзекті мәселені ұтымды шешуге және елімізді жан-жақты дамытуға ықпал етеді. Қазақстан әйелдерінің ақыл-парасаты, ерік-жігері мен жасампаздығы барлық қиындықты еңсеріп, сын-қатерлерге төтеп беруімізге септігін тигізуде", - деді Тоқаев құттықтауында. 

Президент қазақстандық әйелдерге зор денсаулық пен бақ-береке тіледі.

Жаңалықтар
0