НҰР-СҰЛТАН, 8 наурыз – Sputnik. Бүгін - Халықаралық әйелдер күні. Ақ жаулықты апалар, аяулы аналар мен ару қыздардың төл мерекесі аталып өтеді.
Жыл сайын 8 наурызда ер адамдар таңмен таласа тұрып, нәзік жандыларды мейірім мен махаббатқа бөлеп, қуаныш сыйлауға асығады. Мерекелік қарбалас өткен жұмада басталған. Жұмыс аптасының соңғы күні осы мереке ұжымдарда аталып өтті. Содан барлығы гүл мен торт сататын дүкендерге лап берген.
Бүгін гүл сатушылардың жұмысы одан да көп болады. Себебі 8 наурызда сауда қыза түседі. Торт сататын дүкендер де тәтті нанды артығымен істеп қойған. Бұған дейін Sputnik Қазақстан тілшісі қыз-келіншектерден қандай сыйлық алғысы келетінін сұрап көрген.
1910 жылы Копенгагенде социалист әйелдердің халықаралық конференциясы өткен болатын. Сол жерде герман және халықаралық жұмысшы қозғалысының қайраткері Клара Цеткинаның ұсынысы бойынша 8 наурызды Халықаралық әйелдер күні ретінде атап өтуге шешім қабылданды. Төрт жылдан кейін осы бастамаға біраз елдер қосылып, әйелдер мерекесін атап өтетін болды.
1975 жылы Біріккен ұлттар ұйымы Халықаралық әйелдер жылын жариялады. Тура сол жылы наурыздың 8-інен бастап Әйелдер құқығын қорғау және халықаралық бейбітшілік күнін өткізе бастады.
Қазақстанда бұл мерекеге аса мән беріліп келеді. Халықаралық әйелдер күні мемлекеттік мерекелер тізіміне кіреді. Сол себепті жыл сайын 8 наурыз демалыс күні болып саналады. Осы күні астанада және басқа аймақтарда мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Қазақстан президенті әйелдерге өз құттықтауын жолдайды. Бірақ биыл пандемияға байланысты көпшілік шараларға тыйым салынған.
8 наурызды тойламайтын елдер бар
Бүгінде Халықаралық әйелдер күні біраз елде аталып өтеді. Алайда оны мейрам ретінде елеп-ескермейтін, ояна салысымен күнделікті күйбең тірлігіне кірісіп кететін мемлекеттер де жоқ емес.
Мәселен, Батыс пен Шығыс Германия біріккеннен кейін шығыс немістері бұл мейрам жайлы ұмытып та кеткен. Ал батыстықтар нәзік жандылардың мерекесі бар екенін де білмепті. Бүгінде немістер француз халқы сияқты әйелдерді Ана күнінде құттықтап, құрмет көрсетеді. Осы мейрам мамырдың екінші жексенбісінде аталып өтеді.
Польша мен Болгарияда 8 наурызда әйелдерді құттықтау керек екенін білсе де, біз сияқты гүл алып, көңілді отырыс ұйымдастырмайды. 8 наурыз қос елде де кәдімгі жұмыс күні, ал кейбірі үшін, тіпті ескіліктің сарқыншағы.
Италияда 8 наурыз ешқашан ресми мереке саналмаған, бұл күні ел халқы әдеттегідей таңертең жұмысқа барады. Бірақ кейбір қыз-келіншектер құрбыларымен жиналып, өз-өздерін құттықтағанды жақсы көреді.
Ағылшын әйелдері үшін де 8 наурыз - күнтізбедегі бір күн. Мейрам ресми түрде тойланбайды, ешкім ешкімге гүл сыйламайды, ал ағылшындардың өзі әйел атаулыға тек әйел болғаны үшін құрмет көрсетудің мәнін мүлдем түсінбейді. Олар да Ана күнін атап өтеді.
Замбия да халықаралық әйелдер күнін тойламайды. Ол жақта 8 наурыз – Жастар күні. Сосын Үндістан да аты мен заты бөлек мерекені атап өтеді. Ол - Холи немесе Бояулар мерекесі. Мейрам кезінде мерекелік от жағылып, халық ән айтып, би билейді, бір-біріне түрлі-түсті бояу ұнтақтарын шашады, боялған су құяды. Дегенмен, бұл елде әйелдер күні қазан айында атап өтеді. Мейрам бір күн емес, 10 күн бойы тойланады.