НҰР-СҰЛТАН, 5 наурыз – Sputnik. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев экономика басқармасына мәжбүрлі түрде кесілген жасыл желектің орнына өтемдік негізде ағаш егу жұмыстарын бақылауды тапсырды.
Қала басшысы Үлкен Алматы мен Ақсай өзендері бассейндеріндегі бөгеттердің құрылыс алаңдарын қарап шықты. Оның мақсаты — қаланы селден қорғау. Бұл өзендердің бассейндерінде, тауларда қауіпті үш мореналық көл бар.
Сағынтаев құрылыс жұмыстары кезінде қозғалысқа шектеу қойылуы мүмкін екенін ескертті.
"Жасыл экономика басқармасына жұртшылықпен бірлесіп, мәжбүрлі түрде кесілген жасыл желектің орнына өтемдік негізде ағаш егу жұмыстарын бақылауды тапсырдым", - деп жазды әкім Instagram парақшасында.
Сонымен қатар, Сағынтаев жұмыс сапары кезінде жағалауы қайта жөндеуден өтіп, маңайы абаттандырылып жатқан Есентай, Тіксай, Жарбұлақ өзендеріндегі жұмыс барысын көріп қайтты.
"Гидротехникалық құрылысты қоса алғанда, өзен арналары ретке келтірілмек. Жағалаулар габионмен нығайтылып, қараусыз қалған учаскелерде жаяу жүргіншілерге арналған жолы бар жаңа қоғамдық кеңістік құрылады. Жүруге ыңғайлы жол жабындысы төселіп, қойылатын орындықтардың табиғи материалдан болуына мән бердім", - деп түйіндеді қала басшысы.