НҰР-СҰЛТАН, 4 наурыз – Sputnik. Өскеменде балабақша тәрбиешісі балаларға қол жұмсағаны әшкере болды.
Мектепке дейінгі мекеме қызметкері баланы бірнеше рет жұлқылап, итеріп жіберген. Желіде жарияланған видеодан баланың еденге құлап, жылай бастағанын көруге болады.
Кейінірек Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі түсініктеме берді, оқиға 3 наурызда ата-аналардың бірі білім басқармасына хабарласқаннан кейін белгілі болған. Ол "Арман" балабақшасында бейнебақылау камерасына түсірілген видеоны көрсеткен.
"2021 жылы 3 наурызда Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігі "Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндетін орындамау" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды", - делінген әкімдік хабарламасында.
Әкімдік түсіндіргендей, бүгінгі күні балабақша директоры мен тәрбиеші Еңбек кодексінің 52-бабы бойынша қызметінен босатылды.
"Бүгін Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасының басшылығы балабақшаның ата-аналарымен кездесу өткізеді. Сонымен қатар, балалармен жұмыс істеуге қаланың ең таңдаулы психологтары тартылады. Мәселені өңір басшылығы бақылауға алды", - делінген хабарламада.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, қажетті сараптама тағайындалды.