Қоғам

"Бүгін тағы түсіме кірдің...": түрмеден жазылған хат елдің жүрегін елжіретті

© Photo : ДУИС Павлодарской областиХат
Хат - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.03.2021
Жазылу
Аға инспектор – психолог Вера Тоқтыбаеваның айтуынша, мұндай шара сотталғандардың жеке басындағы оң өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді

НҰР-СҰЛТАН, 4 наурыз – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысындағы ОВ-156/18 түзеу мекемесінде "Анаға хат" атты шығармалар сайысы өтті. Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Sputnik Қазақстанға сайысқа қатысқан сотталушының жүрек елжіреткен хатын ұсынды.

Шығармашылық сайысқа оннан астам адам қатысты. Шараның негізгі мақсаты – сотталғандар мен олардың жақын туыстары арасында әлеуметтік маңызы бар байланысты орнату. Жазасын өтеп жүрген бір ер адамның анасына арнап жазған хаты психологтарды да бей-жай қалдырмады.

© PhotoАнаға хат!
Бүгін тағы түсіме кірдің...: түрмеден жазылған хат елдің жүрегін елжіретті - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.03.2021
Анаға хат!

"Ана! Анашым! Анатай! Осы бір атауы үш-ақ әріптен құралған нәп-нәзік адам бойында осыншама жылу әрі мейірім бар екендігін кім білген?!

Маматай!

Міне, қыс аяқталып, көктем басталып келеді. Бұл дегеніміз – екеуіміз қауышар сәттің бір қаһарлы қысқа қысқарғандығы.

Бүгін тағы та түсіме кірдің... Тағы да сол менің ұйқыда жатқан сәтімде көрпемді түзеп, үндеместен маңдайымды сипап отырған бетің... Көздеріңде сонша анық білінген көз жасыңды жасырынып сүртіп қоясың... Сағынышыңды тыя алмай, тіпті, түсімде де менің қарабет қара басыма қорған болып жүрсің бе?!

Шіркін...

Әлемді билейтін билік қолда болса ғой. Тура қазір сенің жылуың мен мейіріміңе бөлену үшін бар байлығымды: барымды да, жоғымды да аянбастан төсеп берер ем...

Аяулым! Алтыным! Асылым!

Жыламашы тек... Көктем келді емес пе! Сенің жеке басыңа тиесілі көктем де алыс емес... Сәл шыдашы! Тек ауырмашы! Мойымашы! Берілмеші!

Менің білуімше ана атаулыдан жігерлі әрі нәзік, айбатты әрі аяулы, күрескер әрі көмекке зәру жан жоқ...

Сен де бар жігерің мен айбатыңды жинап күрес, сенің де нәзік жүрегің жылынар сәт алыс емес...

Мама! Бірер күннен соң, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні! Сені осы мейрамыңмен шын жүрегімнен құттықтаймын! Жаратушым Саған денсаулық, ұзақ өмір әрі бақыт нәсіп етсін.

Бетіңнен сүйдім, құшақтадым!

Ғафу жүрегіңнің дүрсілін қазір де естіп отырғандаймын...

Ізгі сағынышпен тұңғышың!"

Аға инспектор – психолог Вера Тоқтыбаеваның айтуынша, шығармалар сауаттылығы жағынан әртүрлі болса да, мазмұндық құрылымы бір-бірімен салыстыруға келмейді.

"Мұндай шаралар сотталғандардың түзелу және қайта тәрбиелеу деңгейіне баға беруге, сондай-ақ олардың жеке басындағы оң өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді", – дейді Тоқтыбаева.

Айта кетейік, шығармашылық сайыс 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылып, жеңімпаздар алғыс хаттармен марапатталып, көтермелеуге ұсынылды.

Оқи отырыңыз: "Қарағандыға хат жібер...": Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдіровтің көзсіз ерлігі

Жаңалықтар
0