НҰР-СҰЛТАН, 4 наурыз – Sputnik. Алматы облысы экология департаментінің мамандары Алматы облысы Панфилов ауданындағы Өсек өзенінде ақ көбік пайда болуының себептерін анықтап жатыр.
Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сәйкес, экологиялық реттеу және бақылау комитетіне Алматы облысындағы қорықшылар қызметіне видеожазба жолдаған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қорықшылар Панфилов ауданындағы Өсек тау өзенінің бетін биіктігі 10 сантиметрден асатын ақ көбік басып қалғанын камераға жазып алған.
"Видеода жасыл түсті лас су көпір астынан өтіп, сарқырама тұстан құлаған кезде көбікке айналып жатқаны көрініп тұр. Куәгерлердің айтуынша, өзеннен өткір химиялық иіс шығып тұр", – деп жазылған хабарламада.
Қазір Алматы облысының экология департаментінің мамандары әкімдік өкілдері табиғатты қорғау полициясы қызметімен бірге Жаркентке қарай жол тартты.
Оқи отырыңыз: Пілдің баласын өзен ағызып әкетті – оқиғаның жалғасын ешкім күтпеген еді (видео)
Алдын ала мәлімет бойынша, белгісіз зат өзен сағасына Жаркент крахмал-сірне зауытынан келген болуы мүмкін. Экология министрлігі мән-жайды анықтап, жақын уақытта ақпарат ұсынатынын хабарлады.