НҰР-СҰЛТАН, 3 наурыз – Sputnik. Мәжілісмен Қазыбек Иса жергілікті басшылардың әрекетіне наразылық білдіріп, үкіметке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі комиссияның мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралар қатарында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы да бар екені көңілге қуаныш ұялатады. Сондай-ақ, Қарағанды қаласының Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның атын беру жөніндегі шешімді халық зор қуанышпен қарсы алды. Алайда Алаш десе, қарапайым көпшіліктің есіне тек Алашорда үкіметінің көрнекті көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді бірнеше тұлғаның есімдері ғана келеді. Шын мәнінде бұл тізім әлдеқайда ауқымды", - деді Иса мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, Алаш үшін құрбан болған жүздеген адамның ерліктері ескерілмей келеді. Бұған дейін "Ақ жол" партиясы бұрын белгісіз болып келген 700-ден астам адамның тізімін дайындаған болатын. Оған көпшілік қауымға есімдері ұмыт болған әр өңірдің Алаш қайраткерлері енгізілді.
"Әрбір облыс, қала әкімдеріне сол жерге қатысы бар, сол жерден шыққан Алашшыл азаматтардың тізімі жіберіліп, олардың аттарын жергілікті жердегі көше, мектеп және тағы басқа нысандар атауларына беруді ұсынған болатынбыз. Алайда алынған жауаптар көңілге қонбайды. Көбінесе жауаптар жалтарма сипатта, бұған дейін Алаштың ел аузындағы жиырма шақты танымал басшыларының есімдерін атаумен ғана шектелген",- деп атап көрсетті Иса.
Осы орайда депутат Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне жіберілген тізімді еске алды. Оған Алаш арманы үшін айқасқан 125 қайраткер енген.
"Атап айтсақ, Тұрағұл Абайұлы, Биахмет Сәрсенов, Хамит Тоқтамысов, Жахабай Әтікұлы, Жұбандық Болғанбайұлы және тб. Олардың барлығы еліміздің азаттығы үшін өз өмірін саналы түрде құрбан етті. Осы 125 батырдан бір адамның аты ескерілді ме? Жоқ. Ең өкініштісі – осындай жағдай барлық облыстар мен қалаларда да қалыптасып отыр", - дейді Иса.
Депутат мұндай әділетсіздікті үлкен саяси қателік деп санайтынын жеткізді. Осыған байланысты "Ақ жол" фракциясының мүшелері жергілікті әкімдіктерге жіберілген хаттарды қайта көтеріп, Алаш көсемдерімен бірге мыңдаған жергілікті Алаш қайраткерлерінің есімдерін ұлықтау шараларын қолға алуды сұрады.