"Үйде ойыншықтардың көзін алып тастайды": салафизм ағымында болған әйел сұқбаты

© AP Photo / Nariman El-MoftyГлаза девушки в зеркале заднего вида машины в Саудовской Аравии
Глаза девушки в зеркале заднего вида машины в Саудовской Аравии  - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.03.2021
Жазылу
Алматы облысында тұратын 39 жастағы әйел 2001 жылы бүркене бастаған. Содан 2012 жылға дейін салафизм ағымында болған. Жат ағымның жетегінде жастық шағын өткізген келіншек кейінгі жылдары қалыпты өміріне оралып, қазір екі бала тәрбиелеп отыр

АЛМАТЫ, 1 наурыз – Sputnik. Алматы облысында тұратын Қаламқас Аманжанова (аты-жөні өзгертілген) 19 жасында дінге бет бұрған. Алайда жат ағымның жетегінде кетті. Қазір 39 жастағы әйелдің екі баласы бар. Үш күндеп сапарға шығып, зікіршілердің арасында жүрген. Қазір отбасы қалыпты өмір сүруде. Ал әйелдің өткен өмірі туралы айтары бар. Келіншек Sputnik Қазақстан тілшісіне салафизмге қалай келгенін, ағымның ішкі заңдары, салафизмге деген қазіргі көзқарасы туралы айтып берді.

- Қаламқас, әңгімені исламға келуіңізден бастасақ, намаз оқып, орамал тағуыңызға біреудің ықпалы болды ма? Әлде өз қалауыңыз ба?

Салафизмге 2001 жылы келдім. 1999 жылы мектеп бітірген соң әпке-жездеммен бірге тұрдым. Ол кісілер намаз оқитын еді. Үйде күнде уағыз айтылатын, соларды тыңдап отыратынмын. Әпкем ылғи "намазға қашан жығыласың?" деп айтып отыратын. Сонда да екі жыл жүрдім. Ойландым. Бір күні Құран аяттарын жаттадым. 2001 жылы күзде бірінші қыркүйекте исламға келдім. Өйткені сол жылы қазақ-араб руханият университетіне түстім.

Ректорымыз оқу орнына орамалсыз келмесін деп айтты. Тым болмаса орамалды артына қаратып тарту керек деді. Ол жерде әйел адам шаш көрсетпеуі керек. Ұзын көйлек, белдемше кию қажет, шалбар киіп баруға болмайды. Ол жылдары мұның бәріне дайын болмадым. "Жарайды" деп, сабаққа барған жылы орамал тақтым, ұзын кидім. Содан 11 жыл бойы намазға жығылдым. 2012 жылы аяқастынан оқымай қойдым. 

Ал хиджабты 2009 жылы шештім. Ол жылы аяғым ауыр болатын. Орамал таққан кезде мойным қысылып, дем ала алмай қаламын дедім. Жолдасым орамал шешуіме қарсы болды. Құран кітаптарды бірге оқып, іздендік. Орамал таққан кезде мойным қысылатынын айтып жүріп, шештім. Бірақ кең көйлектер кидім.
Қазір қысқа кимеймін, бірақ денеге жабысып тұратын киімдерді кие беремін. Бұрынғыдай бүркенгім келмейді.

-  Салафизм ағымында отбасы мүшелеріне қандай да бір шектеу қойылған ба?

Ең бірінші мәселе – балада. Отбасыда баланы сәби күнінен исламға үйретеді. Балиғат жасына келгенде, ұл бала 12-13 жасқа келгенде ағымға сай киініп, намаз оқуды міндеттейді.

Үйде ойыншықтардың бәрінің көзін алып тастайды. Өйткені жын-шайтан балаға көз арқылы әсер етеді дейді. Үй ішіне көз салынған суретті ілуге болмайды. Табиғат, су суреті ілінеді. Адамның, жылқының суретін қойдырмайды, түнде көз арқылы жын-шайтан балаға келеді деп айтады.

Үйде айна көп болмау керек, өзің қарайтын бір айна ұстауға болады.

Ер адам сақалды болуы керек, балағы қысқа шалбар киюі керек. Сақал өсірген кезде де ол кеудеге дейін түсіп тұру керек. Автобуста басқа адамның қолы тиіп кетсе, дәрет алу керек деп жуынады.

Әйел үйдің тірлігін істейді. Әйел жалғыз өзі сыртқа шықпауы керек, жанына біреуді ертіп жібереді. Сыртқа шыққанда артық ештеңе істеуге болмайды. Кешке кімнің не істегенін, қайда барғанын тексеріп отырады.

Теледидарды да көп көрмейтінбіз. Мультфильм, киноның да ішінде көруге болмайтындары бар. Теледидардан тек жаңалық көретінбіз.

- Әйелге деген көзқарас қандай еді?

Қатал. Әйелді кемсітпеуі мүмкін, менің таныстарым, туыстарымның арасында кемсіту болған емес. Бірақ тыйымдар бар. Сыртқа шыққанда елдің көзіне қарамау керек. Қысы-жазы қап сияқты кең көйлек кидік. Жаздың ыстығында қалың киімді киесің, базарға бір барып келгенде үстіңнен тер су сияқты ағатын.

Сыртта "күннің ыстығында неге тағып алған?" дегенді жиі еститінмін. "Бұлар орысша білмейді, ақымақ" деп айтатын. Шыдайтынмын, бірақ адамға айтып қалуға тырысатынмын. "Сіз мені білмейсіз, қаласам қазақша, орысша, арабша сөйлеймін, бұл – менің құқығым" дейтінмін.

Ал үй ішінде қонақ келгенде орамалсыз жүруге болмайды.

Қарап тұрсам, көп мәселені қолдан істейді. Ұзын киіп, баспалдақтан талай шалынып қалған күндерім болды. Себебі көйлек тобықтан төмен тұруы керек. Қара түсті немесе жарқырап тұратын киім киюге болмайды. Адамның көзіне түспей, қарапайым киіну қажет. Исламда жасыл түсті жақсы көреді деп, жасыл реңкті киім таңдалды.

- Салафит отбасыда туған қыздардың жай-күйі қандай? Не дегенмен олар бала күнінен орамал тағып, мектепке барады.

Қыз балаға өте қиын. Себебі оған кішкентай күнінен орамал таққызады. Сыртта көргендер "мына бала кіп-кішкентай болып неге орамал тағып алған" деп сөйлейді. Мектепке барғанда "белая ворона" дейді. Ондайды талай көрдім. Мектептен қысым көреді, директордан сөз естиді. Жоғары жақтан келгендер "орамалды шеш" дейді, әке-шешесі "шешпе" дейді. Екеуінің ортасында қиналады, ойланады, жүйкесіне әсер етеді. Біз зайырлы елде тұрып жатырмыз. Біріккен Араб әмірліктерінде тұрып жатсақ түсінер едім...

Шындап келгенде, киім маңызды емес, киімге қарамау керек, бастысы – адамның ниеті. Намаз оқы, орамал тағуың міндет емес. Қыздарды орануға міндеттеуге болмайды.

Мен де екі баланың анасымын. Қайтадан намаз оқығым келсе, тез арада намаз бастай аламын. Себебі ұмытқан жоқпын. Бір күнде оқып кете аламын. Осыны балама жай айтып отырамын, ар жағын өзі біледі. Оны мәжбүрлеп, міндеттемеймін. Мен оқыдым, сен де оқы демеймін. Ата-аналар осыны білсе екен.
Мен намаз бастаған кезде туыстарым неге оранып алдың деп айтатын. 2012 жылдан бері намаз оқымаймын. Қазір 39 жастамын. Енді ағаларым, туыстарым "намаз оқып жүрсің бе?" деп сұрайды. "Жоқ" десем, "неге тастап кеттің, намаз оқығаның жақсы еді ғой" дейді.

Жаман жолда жүрген жоқпын. Үйдің тіршілігі, бала. Менде басқа ештеңе жоқ.

- Салафизм ағымында болған адам ретінде қазір ол ағым жайлы ойыңыз қандай?

Мұны топастық деп айтар едім. Ананы болмайды, мынаны болмайды деп исламды өздері үшін қиындатып алған. Арасында жүргенде "Ислам не деген қиын" деп ойлайтынмын. Тырнақ бояма, қасыңды жұлма, шашыңды қима дейді. Шашты ұзын етіп өсірдік. Ол орамалдың астында демалмайды. Енді көзім ашылды. Құранды зерттеп, оқи бастадым. Содан кейін ғана исламның қиын емес екеніне көзім жетіп отыр.

Салафизм мен намаз оқитын жай мұсылманның арасы – жер мен көктей. Өйткені адам өзін жеңіл сезінуі үшін ыңғайлы өмір сүруі керек. Ал салафизмде көп затқа тыйым салынады.

- Кейде діннің жанында ұлт туралы айтылмайтынын естиміз. Сізде де солай болды ма?

Біз мұсылман бауырмыз дедік. Ол кезде "Мен қазақпын" деп айтпаппын. Бірінші орынға мұсылмандықты қояды. Ислам бойынша бауырмыз деп жүрдік. Қазақ, орыс, неміс болсын, кім орамалда жүреді, сол адаммен амандасасың. Танысаң да, танымасаң да "Ас-саляму алейкум" деп амандасып өтесің. Бұл – міндетті.

Оның қандай ағымда екені бізді қызықтырмайды. Орамал тағады, мұсылман, намаз оқиды – болды.

"Братья и сестры по исламу" деп айтатынбыз. Қай ұлттан екенін ешкім қарап, зерттеп жатқан жоқ.

- Дінге бет бұрған жастарға не айтасыз?

Қазір жастардың көбі дінге бет бұрып жатыр. Мешітте де, көшеде де жиі көремін. Жайнамаз ұстап өтіп бара жатады. Көшеде намаз оқиды. Олар ішкі түйсікке мән берсе екен деймін. Елдің сөзіне емес, өзі ізденіп, хадистерді қарап, ойланып істесе дер едім. Әркімнің өз ойы бар. Біреудің ақыл айтуға құқығы жоқ. Айтуы мүмкін, бірақ оны қабылдау-қабылдамауды өзі шешеді.

- Күйеуіңізбен қалай таныстыңыз?

Жолдасым да исламда болды. 2003 жылы исламға келген екен. Көбіне мешітке қонды. Үш күндікке тауға, үйге ме басқа жаққа кететін. Зікіршілердің арасында болған. Дөңгеленіп отырып, зікір айтатынбыз дейді.

Ол кісінің әйелі болған. Әйелі исламға келмепті. Негізі отбасыда ортақ шешімге келуі керек. Әйелі исламда болмаған.

Исламда сен маған ұнайсың деп барып айта салмайды. Оларды үшінші адам таныстырады. Жолдасым екеумізді үшінші адам солай таныстырды.

Салафизм заңды некені мойындамайды. Оның мәні жоқ дейтін. Ең бастысы Алла алдында адалсың, ол сендерді көріп тұр дейтін. Құжат үшін заңды некеге тұруға болады, бірақ оны міндетті санамайды.

- Қаламқас, ашық әңгімеңізге рақмет!

Жаңалықтар
0