НҰР-СҰЛТАН, 1 наурыз – Sputnik. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала тұрғынын өлтіру дерегіне қатысты істі бақылауға алды.
Алматылық Ажар Әбдірешева әлеуметтік желі арқылы Сағынтаевқа үндеу жасап, жұбайы Кенже Байниязовтың қазасына қатысты істі бақылауға алуын өтінді, оның айтуынша, күйеуін бір апта бұрын әкімдік қызметкері өлтірген.
Алматылықтың өтінішін қала басшысы орындады.
"Күдікті қамауға алынды. Қалалық полиция департаментінің басшысы Таймерденовке тергеудің жан-жақтылығы мен объективтілігін қамтамасыз етуді тапсырдым. Марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтамын", - деп жазды Алматы әкімі Facebook-те.
Әбдірешеваның айтуынша, қылмыс 22 ақпанда өз үйінің ауласында жасалған. Әйел күйеуін Алматы әкімдігі бас есепшісінің жеке жүргізушісі өлтірді деп есептейді.
"Бүгін менің жұбайымды өлтіргеніне тура жеті күн болды. Қазіргі кезде қала әкімдігі өз қызметкерінің осы кісі өлтіру ісіне қатысы бар екендігі туралы ешқандай түсініктеме бермей отыр, керісінше менің қолымда оның бұрынғы күнмен, яғни 2021 жылдың 18 ақпанында жұмыстан шығарылғаны туралы ақпарат бар", - дейді Ажар Әбдірешева.
Ал полиция тергеу әділдік және жан-жақтылық қағидаттарына сәйкес жүргізіліп жатыр деп сендірді. Тергеу барысы Алматы қаласы ПД басшылығының бақылауында.