НҰР-СҰЛТАН, 28 ақпан – Sputnik. Ақтаудың екі тұрғыны көршісі жәндіктерді улағаннан кейін көз жұмды.
Маңғыстау облысы Қоғамдық коммуникациялар орталығының хабарлауынша, Ақтау қаласының тұрғыны көршілеріне ескертпестен жәндіктерді жою үшін қолданылатын "Квикфос" препаратымен дезинфекция жасаған. Ол пәтерді зарарсыздандырғаннан кейін үйден шығып кеткен.
"Біраз уақыттан кейін көршілердің денсаулығы нашарлай бастаған. Салдарынан көрші пәтерлердің бірінде анасы мен қызы көз жұмды. Тағы алты адам шұғыл ауруханаға жатқызылды", - делінген хабарламада.
Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Ақтау полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.
Бұл факт Ақтау полиция басқармасында Қылмыстық кодекстің 304-бабының төртінші бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша тіркелді.
Шымкентте үш бала уланып өлді: дезинсектор сотталып жатыр
Осы баптың төртінші бөлігінің санкциясы бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.