НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан – Sputnik. Коронавирусқа қарсы ресейлік "Спутник V" вакцинасына қарсы болғандар препаратқа деген сенімге селкеу түсіруді көздеп отыр. Бұл жөнінде Ресейдің тікелей инвестициялар қорының (РТИҚ) басшысы Кирилл Дмитриев мәлімдеді, деп хабарлайды РИА Новости.
"Мен "Спутник V" вакцинасын халықаралық деңгейде мойындау туралы ғана емес, біздің препарат әлемде көшбасшы екенін де айтуға болады деп ойлаймын. Әрине, біз қарапайым болуымыз керек, бірақ, шындық осы. Бізде әлемдегі ең үздік препарат бар. Бұл ресейлік ғалымдардың үлкен ерлігі. Мұны мақтан тұту қажет", - деді Дмитриев вирусология саласындағы ресейлік жетістіктерге арналған көрменің ашылуында.
"Ресейдің дұшпандары біздің елімізге деген әлем сеніміне нұқсан келтіруге тырысты. Олардың ресейлік вакцинаны күмәнді етіп көрсетуге сонша күш жұмсауын жақсы түсінеміз. Себебі, "Спутник V" әлемдегі ең үздік вакцинаның бірі. Бұл препарат олардың бойында үрей тудырады", - деп сенім білдірді РТИҚ басшысы.
Lancet ғылыми журналы біраз уақыт бұрын коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасының клиникалық сынақтарының үшінші кезеңінің нәтижелерін жариялады. ІІІ клиникалық зерттеулер кезінде "Спутник V" препараты тиімділіктің, иммуногенділіктің және қауіпсіздіктің жоғары көрсеткіштерін паш етті. Вакцинаның тиімділігі 91,6%-ті құрады. Вакцина коронавирусты инфекция жұқтырудың ауыр жағдайларынан толық қорғайды. "Спутник V" вакцинасын қолдануға әлемнің 30-дан астам елі рұқсат етіп отыр. Ресейлік вкцина тіркелген елдердегі халықтың жалпы саны 1,1 миллиард адамнан асады.