Қоғам

1 наурызда әскерге шақыру басталады – министрлік негізгі өзгерістерді жариялады

Жауынгерлер - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.02.2021
Жазылу
НовостиTelegram
Әскерге шақыру барысынан хабардар ету процесін автоматтандыру мақсатында биыл пилоттық режимде SMS-хабарламалар тарату жоспарланып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан – Sputnik. Қорғаныс министрлігі көктемгі әскерге шақыру шараларын өткізу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бас штабтың ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаментінің бастығы Сәкен Жүсіповтің айтуынша, көктемгі әскерге шақыру науқаны 1 шілдеге дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде 18 бен 27 жастағы 13,5 мыңнан астам адам әскерге жіберіледі деген жоспар бар. Пандемияға байланысты сақтық шараларына баса назар аудырылады.

Сонымен қатар, халықпен тікелей қарым-қатынасты азайту әрі көктемгі әскерге шақыру барысынан хабардар ету процесін автоматтандыру мақсатында пилоттық режимде мерзімді әскери қызметке шақырылуға тиісті азаматтарға SMS-хабарламалар тарату жоспарланып отыр. Хабарламалар "1414" арқылы жіберіледі.

Департамент бастығының айтуынша, әскерге шақырылғандар ПТР-тесттен өтіп, коронавирусқа қарсы вакцина да салынады.

"Әскерге шақырылатындарға ПТР-тест екі рет жасалады. Біріншісі – әскери жиын пунктінде, ал екіншісі – әскери бөлімдерде жүргізіледі. Ал оларға вакцина егу жеке құраммен бірге қызмет өткеру орындарында ұйымдастырылатын болады", – деді Жүсіпов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Осы орайда департамент басшысы әскери міндеттіліктен жалтарғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жазаның бар екенін еске салды.

"Әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату мәселелерін ақша үшін көмек көрсетуге уәде беретін адамдар арқылы шешуге әрекет етпеңіздер. Олар – алаяқтар. Әскерге шақыруды кейінге қалдыруды онсыз да беруге болатынын біле тұра, халықтың хабарсыз екенін пайдаланып, ақша алуға тырысатындар жоқ емес. Ондай жағдайда сыбайлас жемқорлық жағдайлары бойынша қорғаныс істері жөніндегі департаменттерге немесе сенім телефонына хабарласу қажет", – деп атап көрсетті Жүсіпов.

Қандай жағдайда кейінге қалдыруға болады?

Бүгінде заң бойынша әскерге шақыруды бірнеше жағдайда кейінге қалдыруға болады. Олар:

  • отбасы жағдайына байланысты;
  • білімді жалғастыруға;
  • денсаулыққа байланысты.

Бұдан бөлек, педагог мамандарға да әскерге шақыруды кейінге қалдыруға мүмкіндік беріліп отыр.

Оқи отырыңыз: "Біз емес, коронавирус кінәлі": Қазақстанда әскерге шақыру қалай жүріп жатыр

Айта кетейік, 8 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару, сондай-ақ, 2021 жылдың наурыз – шілдесінде және қыркүйек – желтоқсанында мерзімді әскери қызметке шақыру туралы жарлыққа қол қойған болатын.

Жаңалықтар
0