НҰР-СҰЛТАН, 25 ақпан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы аудан әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу қажет деп санайды. Бұл туралы мемлекет басшысы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазір біз кенттер мен ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауға дайындалып жатырмыз. Сайлау биыл шамамен тамыз-желтоқсан айларында өтеді. Осы жылы 786 ауыл әкімінің өкілеттігі аяқталады. Яғни сегіз жүзге жуық елді мекенді қамтитын жергілікті сайлау науқаны өтеді. Бұл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға болмақ", - деді Тоқаев.
Айтуынша, сайлау туралы заңнамаға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар пысықталды. Тиісті заң алдағы уақытта қабылданады. Содан кейін ғана кенттердің, ауылдар мен ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауына қажетті барлық нормативтік-құқықтық негіз толығымен қалыптасады.
"Асыра сілтеу болмасын": Тоқаев ел үшін аса маңызды мәселе туралы айтты
"Бірақ біз мұнымен шектеліп қалмаймыз. Келесі маңызды қадам – аудан әкімдерінің тікелей сайлауы. Мен бұл сайлауды 2024 жылы өткізу керек деп санаймын. Осы бастама елімізді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін", - деді президент.
Тоқаев осыған байланысты құзырлы мемлекеттік органдарға қажетті дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырды.