НҰР-СҰЛТАН, 25 ақпан – Sputnik. "Қазгидромет" РМК республиканың бірнеше облысында дабылды ескерту жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
26-28 ақпан күндері Жамбыл облысында кей жерлерде тұман, түнде 26 ақпанда бұрқасын болады. Кей жерлерде солтүстік-батыстан жылдамдығы 15-20 м/с, екпіні 23 м/с жел соғады.
Тараз қаласында кей уақытта тұман түседі деп болжанып отыр.
26 ақпанда Қарағанды облысында кей жерлерде – тұман. Жел оңтүстік-батыстан соғады, түнде күші 15-20 м/с дейін барады. Сонымен қатар, кей жерлерде түнде 35-38 градус аяз болады.
Қарағанды қаласында түнде екпіні 15 м/с жел тұрады.
Жезқазған қаласында ауа температурасы түнде минус 35 градусқа дейін төмендейді.
26-27 ақпанда түнде Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде 40 градус аяз болжануда.
Тағы оқыңыз: Үсті-басын қар басқан қостанайлық полицейдің фотосы желіде қызу талқыланып жатыр
Ақмола облысында түнде кей жерлерде бұрқасындатып, желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін барады, тұман түседі.
Түркістан облысының кей жерлерінде – тұман, бұрқасын. Солтүстік-шығыстан жел соғады, түнде кей жерлерде күші 15-20 м/с. Түнде облыстың солтүстігінде 25 градус қатты аяз күтіледі.
Батыс Қазақстан облысында да бұрқасындатады, оңтүстіктен, оңтүстік-шығыстан кей жерлерде 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады. Орал қаласында бұрқасын болады.
Ақтөбе облысының кей жерлерінде де бұрқасын болжанып отыр. Желдің күші 9-14 м/с дейін барады.
Атырау облысының кей жерлерінде бұрқасын, тұман, көктайғақ болады.