НҰР-СҰЛТАН, 24 ақпан — Sputnik. Күшті жел Қостанай облысының Қарабалық ауылындағы көпқабатты тұрғын үйдің шатырын жұлып әкетті, деп хабарлайды "Костанайские новости" сайты.
Портал ақпараты бойынша, оқиға 23 ақпанда болған. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Черемушка шағын ауданында орналасқан тұрғын үй 1980 жылы салынған. Ауа райының тосын мінез көрсетуінен ғимараттың шатырсыз қалуы бірінші рет емес.
Өткен жылдың сәуір айындағы жойқын жел кезінде де шатыр ұшқаны белгілі болды. Ол кезде тұрғындар жөндеу жұмыстарын өз қаражатына жүргізген.
Бұған дейін "Қазгидромет" Қостанай облысында дабылды ескерту жариялаған болатын. Аймақта 23-24 ақпан аралығында қар жауып, боран соғады және жойқын жел тұрады деп хабарланды. Кей жерлерде жел екпіні секундына 23-28 метрге жетуі мүмкін.