НҰР-СҰЛТАН, 24 ақпан — Sputnik. Алматыдағы мәйітхана директорына пара алды және өзі құрған ЖШС арқылы бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылды. Бұл жөнінде Sputnik Қазақстан тілшісіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті хабарлады.
"Алматы қаласы бойынша сыйбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі қалалық патологоанатомиялық бюросының директоры Әлібековке қатысты тергеуді аяқтады. Ол мемлекеттік сатып алулар келісімшарты бойынша 4,5 миллион теңге (шамамен 11 мың доллар) көлемінде ақшалай қаражатты жымқырған", - деп хабарлады департаменті.
Тергеу мәліметі бойынша, заңмен тыйым салынғанына қарамастан Бақытжан Әлібеков ақша жымқыру үшін "Veritas Primus" компаниясын құрған.
Сонымен қатар, ол оңтүстік астанада салынып жатқан жаңа патологоанатомиялық бюроға медициналық жабдықтарды жеткізу бойынша қабылдау актісіне еш кедергісіз қол қою үшін алматылық кәсіпкерден 14 миллион теңге (шамамен 34 мың доллар) пара алды деген күдікке ілінді.
Қазір қылмыстық іс сот қарауында жатыр. Әлібековтің қаншалықты дәрежеде кінәлі екені туралы соңғы шешімді сот шығарады.