Өңірлер

"Ол жылап жіберді": Полицей иен далада жоғалған баланы қалай тапқанын айтып берді

© Sputnik / Анатолий УстиненкоЗима
Зима - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.02.2021
Жазылу
Баланы тапқан кезде біздің қандай күйде болғанымызды айтып жеткізе алмаймын. Біз оны көтеріп алып, құшақтап, қол-аяғын ысқыладық, дейді Жұбаныш Жүнісбеков

НҰР-СҰЛТАН, 20 ақпан – Sputnik. Учаскелік полиция инспекторы Жұбаныш Жүнісбеков екі күнін иен далада жалғыз өткізген жасөспірімді қалай тапқанын айтып берді, деп хабарлады Polisia.kz.

16 ақпанда Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының полиция бөліміне 14 ақпанда қыстақтардың бірінен 16 жастағы жасөспірімнің шығып кетіп, қайтып оралмағаны туралы хабарлама түскен.

Баланың ата-анасымен сөйлескен полицейлер олардың баланы екі күн бойы өз күшімен іздегенін, алайда іздеу шаралары нәтиже бермегенін анықтады.

Ағасымен ренжісіп қалған: Сарыағашта жоғалып кеткен 13 жастағы қыз табылды

Полицейлер бірнеше топқа бөлініп, екі күннен бері хабар-ошарсыз кеткен жасөспірімді іздеуге кіріскен. Іздеу шараларына Жаңаарқа ауданы Бидайық кентінің учаскелік полиция инспекторы Жұбаныш Жүнісбеков те жұмылдырылған.

Учаскелік полиция инспекторы тұратын ауыл бала жоғалған Ақтау ауылынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан. Учаскелік полицей іздеуге үш топтың автокөлікпен аттанғанын, ал серігі Жаңаарқа ауданының ПБ уақытша ұстау изоляторының қызметкері Ками Өскенбаев екеуі атпен шыққанын жеткізді.

"Ол жерлер тау-тасты болғандықтан атпен іздеу оңайырақ болды. Біз баланың ата-анасының үйінде болғанда олар үмітін үзгенін көрдік, олар тану үшін баланың киімінің қалдығын немесе мәйітін табуды сұрады. Далада қасқыр бар, ал жасөспірім бала екі күннен бері жалғыз, оны тірідей табу таңғажайып жағдайға тең еді. Іздеу жұмыстары таңда басталды. Кей жерлерде аяқ киім іздері кездесті, бірақ іздеу жұмыстары бізге дейін де жүргізілгендіктен, бұл ауыл тұрғындарының ізі болуы әбден мүмкін еді. Сондай-ақ жоғалған бала камуфляж кигендіктен, іздеу жұмыстарын одан әрі қиындатты", – дейді Жүнісбеков.

Аязды әрі желді ауа райы да баланы табу жұмысына кедергі болды. Түнде ауа температурасы төмендеген, сондықтан уақыт тығыз еді.

"Оның атын атап, айғайлап шақырдық. Өз жаңғырығымызды естіп жүргендіктен, қиын болды. Серігім екеуміз әрбір тасты, шөмелені зерттедік, баланы байқамай қалмайтынымызға сенімді болуымыз керек еді. Кеш батып келе жатты, күн батқаннан кейін мұнда іздеу мүмкін емес болатын. Байланыс болған жоқ, бағдарымыздан жаңылдық, алайда біз қараңғы батқанша іздеуді жалғастыра бердік. Тастақпен жүру аттарға қиын болды, біз аттан түсіп, кездескен шөмелені тексеруге бардық. Сол жерде біз оның күртешесін көрдік", – деді учаскелік полицей.

Жұбаныш Жүнісбеков сол сәтте өз жүрегінің дүрсілін естімей қалғанын есіне алады. Жақындап келіп, ол баланың тірі екенін байқаған. Жасөспірім ызғарлы желден ықтасын іздеп, жерде тастың арасында жатқан.

"Біздің қандай күйде болғанымызды айтып жеткізе алмаймын. Біз оны көтеріп алып, құшақтап, қол-аяғын ысқыладық, атын атап жаттық. Бала үнсіз тұрды. Ол шок жағдайында болды, себебі біздің кім екенімізді, оны қалай тапқанымызды түсінбей тұрды. Алғашқы жарты сағатта бір ауыз сөз айтқыза алмадық. Ол тіпті қорқыңқырап тұрды. Артынан ол бізді галлюцинация екен деп ойлағанын айтты", – деп толықтырды Жұбаныш.

Жасөспірім өзінің далалы жерде адасып қалғанын және айналшықтап ұзақ жүргенін жеткізген. Ол түнде ғана шаршағандықтан, әрі тоңғандықтан шөмелеге кіріп жылынбақшы болған, алайда оған жан-жақтың бәрінен қасқырдың ұлығаны естіліп тұрған. Ол жабайы аңдардан қорқып жүре берген және жақын арада өз бетімен үйіне жете алмайтынын тез түсінген.

"Ол есін жиған кезде жылап, погондарымды сипалап, рахмет айта бастады. Мен оны тапқан кезде оған погоным мен арқамдағы "Полиция" деген жазбаны көрсетіп, өзін іздеп жүргенімізді түсіндірген едім", – дейді учаскелік полиция инспекторы.

Табылған баланы атқа мінгізіп, олар тездетіп ауылға бет алған. Сол кезде жоғалған жасөспірімді тапқан полиция қызметкерлерінің барлық сезімін көрсететін бейнежазба түсірілген.

"Біз ауылға келе жатқанда оны күлдіруге тырыстық, әзілдер мен өмірде болған күлкілі жайттарды айттық. Біз оны тезірек қалпына келтірейік дедік. Қорқынышты жайттың біткенін сезінгенін қаладық. Ал бейнежазбаны өзіміздің бақытты сәтімізден естелік үшін түсірдік. Бейнежазбаны әріптестеріме көрсеттім, олар басшылыққа берген. Мен бейнежазба бұлай тез таралады деп ойлаған жоқпын", – дейді ол.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, жасөспірімді үйіне жеткізген кезде анасы оны құшағынан көпке дейін шығармаған.

Жаңаарқа ауданының Бидайық ауылының учаскелік полиция инспекторы Жұбаныш Жүнісбеков полицияда 2009 жылдан бері қызмет атқарады. Келіншегімен бірге үш қыз тәрбиелеп отыр, олардың ең кішісі екі жаста ғана. Оның сөзінше, әріптестері оны "жолы болғыш жігіт" деп те атайды екен, себебі ол жүргізген іздеу жұмыстарының басым бөлігі нәтижелі болған.

Жаңалықтар
0