Қоғам

"Ақша төлеп тіркелуге мәжбүр": депутат көпбалалы отбасылар проблемасын көтерді

© Photo : Pixabay / JarmolukДети
Дети - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.02.2021
Жазылу
Кейбір көмек пен жәрдемақыларды алу үшін азаматтардан тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы құжат талап етіледі

НҰР-СҰЛТАН, 17 ақпан – Sputnik. Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметова әлеуметтік қамқорлыққа мұқтаж адамдар мемлекеттен көмек алу кезінде қандай қиындықтарға тап болатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айтуынша, "Әлеуметтік-еңбек саласындағы көрсетілетін мемлекеттік қызмет стандарттарына" сәйкес, кейбір көмек пен жәрдемақыларды алу үшін азаматтардан тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы құжат талап етіледі. Мысалы атаулы әлеуметтік көмек алу үшін бір жерде тіркеуде 6 ай тұру керек.

"Әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар, негізінен, жағдайы төмен отбасы мүшелері екені белгілі. Үйі жоқ болғандықтан, таныстарына, туыстарына, тіпті бөтен адамдарға жүгініп, ай сайын ақша төлеп тіркелуге мәжбүр болады. Ал, түрлі себептермен тіркеуден шығып, басқа мекенжайға тіркелгеннен кейін, әлеуметтік көмектен тағы 6 айға қағылады,", - деді Әбсеметова премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында.

Депутаттың пікірінше, онсыз да қиналып жүрген көпбалалы аналарға қосымша ауыртпалық түсіреді.

Сондай-ақ, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алу үшін де тұрғылықты жері бойынша тіркеуде тұру қажет. Уақытша тіркеу жарамайды.

"Егер мұқтаж жандардың жеке меншігінде үйі болмаса, тұрғылықты тұратын жері жоқ болса, сонда бұл азаматтар әлеуметтік көмекті қалай алады?", - деді мәжілісмен.

Осыған байланысты ол әлеуметтік көмекті қолжетімді әрі тиімді ету мақсатында баспанасы жоқ көпбалалы аналар мен мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасыларды, мүгедектерді халыққа қызмет көрсету орталығында тұрақты және уақытша тіркеуге тұрғызу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Жетімдерге берілген баспананы сатуға шектеу қою

Бұдан бөлек, Әлия Әбсеметова жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды баспанамен қамту мәселесін қозғады.

Республикалық деректер банкінің мәліметтеріне сәйкес, қазір Қазақстанда 23 410 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. 30 жылдың ішінде осы санаттағы азаматтарға тек 5 723 үй берілген.

"Қазіргі күні оларға баспана мемлекет тарапынан кезекке сәйкес тұрғылықты мекенжайы бойынша, яғни, тек өзі тұратын елді мекеннен беріледі. Ал бір ауданда көбірек үй беріліп жатса, екіншісінде тіпті мүлдем берілмеуі мүмкін. Өйткені, облыстар арасында және бір облыстың ішіндегі аудандар арасында республикалық бюджет қаржысы есебінен тұрғын үй салу мен беру қарқыны әртүрлі", - деді депутат.

Сол себепті депутаттар жетім балаларға облыстың кез келген ауданынан немесе басқа облыстан тұрғын үй таңдау мүмкіндігін беруді қарастыру қажет деп есептейді.

Сондай-ақ, жетім жасөспірімдерге берілген баспана алаяқтық жолмен қолды болып кетпесі үшін, тұрғын үйді оларға берілген сәттен бастап 5 жылға дейін сатуға шектеу қою ұсынылды.

Жаңалықтар
0