НҰР-СҰЛТАН, 17 ақпан – Sputnik. Парламент мәжілісі сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Заң жобасын парламент депутаттары әзірлеген.
Мәжіліс депутаты Қанат Мусиннің айтуынша, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті қабылдау және оны 2021 жылы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізу сот жүйесінің жұмысына түзетулер енгізуді талап етеді.
"Қазақстан Жоғарғы сотының және облыстық соттардың "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Конституциялық заңда белгіленген қолданыстағы құрылымы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің міндеттеріне толық көлемде жауап бермейді", - деді мәжілісмен.
Заң жобасының түзетулері екі блоктан тұрады.
Біріншіден, Жоғарғы сотта әкімшілік істер бойынша сот алқасын құру ұсынылды. Қазіргі мамандандырылған сот алқасы таратылады. Облыстық соттарда да тиісті сот алқалары құрылады. Бұл шара сот жүйесіне өңірлерде істердің бөлінуіне байланысты үнемі өзгеріп отыратын жағдайға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, президент тағайындауға ұсынатын Жоғарғы сот төрағасы және Жоғарғы сот судьялары лауазымына кандидаттарға қойылатын талаптарға қатысты өзгерістер енгізіледі.
"Бұл түзетулер елдің Жоғарғы сот органына құқықтың мамандандырылған салаларында, мысалы, салық құқығында немесе жер қойнауын пайдалану құқығында көп тәжірибесі бар көрнекті заңгерлерді тартуға бағытталған. Бұл неғұрлым даулы істер бойынша сот төрелігінің сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және бүкіл сот жүйесіне оң әсерін тигізеді. Бұл түзетулер мемлекет басшысы ұсынған кандидаттарға ғана қатысты екенін ерекше атап өткен жөн. Олар басқа судьяларға қатысты болмайды", - деді Мусин.
Айтуынша, бұл нормалар әкімшілік әділетті енгізудің бастапқы кезеңінде жүктемені тең бөлуге, сондай-ақ әкімшілік құқықбұзушылықтар мен жария даулар туралы істерді қарау жөніндегі сот практикасының ара-жігін ажыратуға мүмкіндік береді.