НҰР-СҰЛТАН, 12 ақпан – Sputnik. Көзі тірі оралдық зейнеткер Мәнсия Жақыпова ай мен күннің аманында қайтыс болғандар тізімінен бір-ақ шықты. Банк қызметкерлері ақпан айының зейнетақысы төленбеген деген соң, өзінің "қайтыс болғандар" санатына қосылғанын төлем орталығындағы мамандардан білді, деп хабарлайды "Уральская неделя" басылымы.
Орталық мамандары бұл жағдайды оның қайтыс болған азаматтардың тізімінде болуымен түсіндірді.
"Ақпан айында мені қайтыс болғандардың санатына қосыпты. Ондай анықтаманы кім бергенін білмеймін. Банк – төлем орталығына, ал ол орталық – көші-қон қызметіне жөн сілтеді", – дейді Мәнсия Жақыпова.
Кейуананың айтуынша, соңғы рет зейнетақысын 6 қаңтарда алған және осы қателікке байланысты ол енді азық-түліксіз қалуы мүмкін.
"Көші-қон қызметінің өкілдері 1996 жылы маған қатысты бір өзгеріс болғанын айтады. Ал мен оларға Қазталов ауданында операциялық медбике болып жұмыс істегенімді және 1996 жылы жеңілдетілген зейнеткерлікке шыққанымды түсіндірдім. Ол кезде сондай жеңілдіктер болған. Зейнетке шыққан соң, біз қалаға көшіп келдік. Содан 25 жыл бойы зейнетақы алып келемін. Ал ақпан айында мен "қайтыс болғандар тізіміне" қосып жібергендіктен зейнетақысыз қалдым", – дейді 1950 жылы туған Жақыпова.
Оқи отырыңыз: Күнәсін Құдай кешірсін: Төреғали өзінің тірі екенін дәлелдеуге мәжбүр болды
Көші-қон қызметі Мәнсия Жақыпованың "қайтыс болғандардың" деректер базасында жоқ екенін растап, құжаттары түзетіледі.