НҰР-СҰЛТАН, 12 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Ақорда.
Президент соттың құзыреттілігін аумақпен шектемеу қағидатын енгізуге қатысты жоғарғы соттың ұсынысы туралы ойымен бөлісті.
Бұл ойдың мәні мынада, егер қаралып жатқан іс көп болса, онда соттың аумақтық орналасуына қарамастан оны арнайы IT бағдарлама арқылы жүргізуге болады. Яғни, талапкер мен жауапкер бір аймақта, ал соттың басқа аумақта болуына мүмкіндік бар. Бірақ бұл үшін тараптардың келісімі болуы керек.
Мұндай әдіс сот ісін қарау барысында уақыт пен ресурстарды айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік беретінін атап өткен мемлекет басшысы, жалпы соттарды аумақпен шектемеу туралы ұсыныс өте өзекті мәселе екендігіне тоқталды. Бірақ оны жан-жақты зерттеп, барлық мәліметті есептеп, ықтимал қатерді ескеру керек.
"Бұл ұсыныс сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді құралға айналып, бүкіл еліміздегі соттардың жүктемесін біркелкі бөлуге ықпал ететіні анық. Идея аяқ астынан пайда болған жоқ. Пандемия кезінде соттардың істерді қашықтан қарауы белгілі бір дәрежеде оның артықшылығын көрсетті", – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесіне жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, соттар заманауи технологиялардың барлық жетістіктерін пайдалануға міндетті. Бұл орайда консервативті тәсілдерге орын жоқ. Сонымен бірге заман талабына сай технологиялық шешімдерді белсенді түрде енгізе отырып, уақыт ағымынан қалмау қажет.
Президент пікірінше, ұсынылып отырған IT-қызметтер біріктірілген білім базасын құруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, бұл арқылы сот өз әріптестерінің осыған ұқсас істер бойынша шығарған шешімдерін көре алады. Бұл соттың қате актілерді қабылдауына жол бермейді. Процеске қатысушылар ІТ-технологиялардың артықшылығын сезінуі қажет. Оларға өз ісінің ықтимал нәтижесі туралы білу маңызды. Ол үшін барлық мүдделі тараптарға сот жүйесінің ІТ-қызметтері қолжетімді болуы керек.
"Дегенмен ақпараттың құпиялылығына қойылатын талаптар сақталуы тиіс. Бұл, шын мәнінде, күрделі міндет. Мұны терең зерделеп барып, ақылмен шешу керек", – деді президент.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Осыдан бірер күн бұрын масқара жағдай болды