НҰР-СҰЛТАН, 12 ақпан – Sputnik. Петропавл және Шымкент қалаларында Назарбаев университеті типі бойынша озық жоғары оқу орны ашылады. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"2022 жылы Назарбаев университетінің тәжірибесі бойынша Петропавл және Шымкент қалаларында 2 озық өңірлік жоғары оқу орны құрылады", - деді үкімет басшысы Nur Otan фракциясының кеңейтілген отырысында сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру бойынша Жол картасының жобасын таныстырып.
Сондай-ақ, жастар сұранысқа ие мамандықтар бойынша колледждерде тегін оқытылады. Биыл тегін оқу мүмкіндігі 20 мың адамға беріледі, кейін жыл сайын квота ұлғайтылып, 2025 жылы 50 мыңға жетеді.
Студенттердің шәкіртақысы жыл сайын 20%-ке артып, 2 есе өседі. Ал магистранттар мен докторанттардың стипендиясы жыл сайын 10%-ке өсіп, 1,5 есе ұлғаяды.
Бұдан бөлек, 2025 жылға қарай колледждер мен университеттер жатақханаларында кемінде 50 мың жаңа орын беріледі. Жыл сайын 10 мың орын беру көзделген.
Жұмыс істейтін жастар үшін сұранысқа ие мамандықтар бойынша жыл сайын 3 мың жалдамалы пәтер беріледі.