НҰР-СҰЛТАН, 12 ақпан – Sputnik. Үкімет елде әлеуметтік-экономикалық жағдай нашарлаған жағдайда "Б" жоспарына көшеді. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Nur Otan фракциясының кеңейтілген отырысында мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин үкіметте экономика нашарлаған жағдайда "Б" жоспары бар-жоғын сұрады.
"Әсет Арманұлы, 2019 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнес үлесі 31,7%-ті құрады. Алдын ала болжамға сүйенсек, 2020 жылы – 28,5%. Мұнда бәрі түсінікті, шағын және орта бизнестің төмендеуі – коронавирус пандемиясының салдары. Бірақ, сайлауалды бағдарламада нақты цифр көрсетілген – 2025 жылға қарай 35%. Коронавирус пандемиясы не болатынын, экономика қашан қалпына келетінін, қандай да бір жаңа теріс факторлар әсер етіп-етпейтінін білмейміз. Партия төрағасы да, мемлекет басшысы да "Б" жоспары болуы тиіс екенін айтады. Егер біз сын-қатерлермен бетпе-бет келсек, біздің соған қарсы қосымша іс-қимыл жоспарымыз бар ма", - деп сұрады Нығматулин.
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев "Б" жоспары дайын екеніне сендірді.
"Үкімет Ұлттық банк және Қаржы нарығын дамыту агенттігімен бірлесіп, әлеуметтік-экономикалық ахуалдың нашарлауы жағдайына іс-қимыл жоспарын әзірледі. Оған контрциклдік сипаттағы шұғыл шаралар топтамасы кіреді. Ол халық пен бизнеске қажетті қолдау көрсетуге және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Жоспар триггер іске қосылған кезде күшіне енеді", - деді министр.
Айтуынша, триггер арасында коронавирустың таралуы, мұнай бағасының құбылуы мен басқа да сыртқы факторлар бар.