НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан – Sputnik. Сенат "Қазақстанның дипломатиялық қызметі туралы" заңына өзгерістер енгізу туралы заң жобасына бірқатар түзету енгізіп, мәжіліске кері қайтарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Заң жобасы 2002 жылы қабылданған "Қазақстанның дипломатиялық қызметі туралы" заңды жетілдіруге бағытталған.
Заң жобасын талқылау барысында сенаторлар мәжіліс мақұлдаған құжатқа бірқатар ұсыныстар мен түзетулер енгізді.
"Олар: "дипломатиялық қызмет ардагері" ұғымын тағайындау үшін арнайы өкілетті 15 жылдан 10 жылға төмендету және ол бойынша арнайы төлемдерді 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастау. Бұл ұсынысты Республикалық бюджет комиссиясы биыл 25 қаңтарында қолдады", - деді депутат Қайрат Қожамжаров.
Тағы бір түзету – дипломатиялық қызмет персоналы мен оның отбасы мүшелерінің жеке пайдалануына арналған заттар мен техниканы дипломатиялық пошта арқылы жіберу құқығын алып тастау.
Себебі, сенатордың айтуынша, 1961 жылғы "Дипломатиялық қатынастар туралы" Вена конвенциясының ережелеріне (27-бабы 4-тармағы) сәйкес, дипломатиялық поштада дипломатиялық құжаттар мен ресми пайдалануға арналған заттар ғана болуы қажет.
Премьер-министрдің 9 ақпандағы қорытындысында, сенат депуттарының бұл түзетулеріне оң баға берілді.
Осылайша сенат аталған заң жобасын бірқатар түзетулермен мәжіліске кері қайтарды.
Дипломаттар үшін тағы қандай жаңашылдық бар
Дипломатиялық қызмет туралы заңда "Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің ардагері" ұғымын бекіту ұсынылады.
Төтенше және өкілетті елші, халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты (өкілетті) өкіл қызметін атқарған немесе төтенше және өкілетті елші дипломатиялық дәрежесі бар дипломатиялық қызмет ардагерлеріне үкімет айқындайтын тәртіппен және мөлшерде ай сайын ақшалай төлем төленеді.
Сондай-ақ, әлемдік саясат пен экономика саласында іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу мақсатында дипломатиялық қызмет органдары жүйесіне ғылыми мекемелерді кіргізу ұсынылады. Осының нәтижесінде сыртқы істер министрлігіне қарайтын сыртқы саяси зерттеулер институтының мәртебесі артады.
"Дипломатиялық пошта" ұғымын енгізіп, Қазақстан үкіметінің, сыртқы істер министрлігі және басқа да мемлекеттік органдардың жоспарлау, жасақтау, ресімдеу және дипломатиялық поштаны жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі функцияларын бекіту көзделген.
Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің құқықтық мәртебесін заң деңгейінде бекіту арқылы оның заңды мәртебесін анықтау және шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың дипломатиялық өкілдіктері алдында маңыздылығын арттыру жоспарланып отыр.