Қоғам

Астаналық iPhone-ды қолды еткен "Қазпошта" қызметкерлеріне шағымданды

© Sputnik / Владислав ВодневПосылка с Aliexpress в постамате Kazpost
Посылка с Aliexpress в постамате Kazpost - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.02.2021
Жазылу
НовостиTelegram
"Қазпошта" компаниясындағылар ішкі тексеріс басталғанын мәлімдеді. Оқиғаның анық-қанығын анықтау мен шешім шығаруға 15 күн кетеді

НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан — Sputnik. Елорда тұрғыны Екатерина Малышева "Қазпошта" арқылы жолданған қораптың ішіндегі телефон қолды болғанын айтып шағымданды.

"25 қаңтар күні EMS Қазпошта қорабын ашып, ішіндегі iPhone-ды ұрлап кетіпті. Қораптың дәл телефон жатқан тұсын ұқыпты кескен. Басқа зат орнында тұр. Қорапты алған кезде оның зақымдалғанын көріп, пошта қызметкерлерін шақырып, қорап салмағын өлшеуді өтіндік. Расында да, қорап 400 грамға жеңіл екені анықталды. Бұл телефон салмағына сәйкес", - деп жазды Малышева Facebook-те.

Малышева сериялық ІМЕІ-кодты тексеру кезінде телефонның әлі қосылмағаны анықталғанын айтты.

"Қорапты сканерден өткізген адамдар қорапты қиғаны анық. Себебі, телефонның қай тұста жатқанын білген", - деп күдігімен бөлісті ол.

"Қазпошта" АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Тимур Мухамдеев Sputnik Қазақстанға берген жауабында осы мәлімдемеге қатысты компанияда ішкі тексеру басталғанын мәлімдеді.

"Әріптестерім ұрлық фактісі бойынша шағым түскенін растады. Кеше бұл мәлімдеме тіркелді. Осының негізінде ішкі тексеру жұмысы басталды. Бұл компаниядағы стандартты рәсім. Оның аясында ең алдымен филиалдарға өтінімдер жолданады. Одан кейін осы қорапты жөнелту кезінде онымен жұмыс істеген барлық қызметкерлер тізбегі анықталады", - деп агенттікке мән-жайды түсіндірді Мухамадеев.

Ол ішкі регламент бойынша оқиғаның анық-қанығын анықтау және шешім шығаруға 15 күн кететінін жеткізді.

"Қазпошта қызметкерлері тергеуді ұзаққа созбауға уәде етті. Ішкі регламент бойынша, егер, ұрлық фактісі анықталса, шығын өтелетінін айтқым келеді", - деп толықтырды ол.

Егер, "Қазпошта" қызметкерінің кінәсі анықталса, компания оны жауапкершілікке тартады. Астаналықтың бұл арызын Байқоңыр ауданының полиция басқармасы назарға алды.

"Аталған факті бойынша тексеру жүргізу үшін іс материалдары "Қазпошта" АҚ басшылығына жолданды. Компания филиалының тарапынан пошта жөнелтімдерін тасымалдау және сақтау кезінде заңбұзушылық орын алғаны расталса, қосымша арыз арқылы шағымдануға болады", - деп жауап берді Нұр-Сұлтан полициясында.

Бұған дейін "Қазпошта" компаниясы Түркістан облысындағы Кентау қаласында өрт салдарынан жойылып кеткен пошта жөнелтімдерінің есебін аяқтады. Барлығы 378 қорап жанып, соның салдарынан компанияға шамамен 8 миллион теңге шығын келген.

Жаңалықтар
0