Қоғам

Астаналық 30 жылдан соң алғашқы махаббатын тапты

Письма - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.02.2021
Жазылу
Осыдан бір апта бұрын Мұқанов телеарнаға хабарласып, жас кезінде хат жазысқан Лилия есімді әйелді тауып беруді сұраған

НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан – Sputnik. Төлеген Мұқанов 30 жыл бұрын жоғалтқан алғашқы махаббатын табуға көмек сұраған болатын. Телеарналар арқылы үндеу де жариялаған, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Осыдан бір апта бұрын Мұқанов арна редакциясына хабарласып, жас кезінде хат жазысқан Лилия есімді әйелді тауып беруді сұраған. Жастар Қарағандының автобекетінде танысты. Сол кезде Лилия мектепті тәмамдап, ауылдағы әжесіне бара жатқан. Ал Төлеген техникумнан кейін жоғарғы оқу орнына түсе алмай, жолға шығамын деп тұрды. Сөйтіп, екеуі автобекетте танысып, бір жыл бойы бір-біріне хат жазды. Артынан Мұқановты Қиыр Шығысқа әскерге алып кеткен. Осылайша жастардың байланысы үзіліп қалған.

"Ол ерекше болатын. Басқа қыз-келіншектерден өзгеше еді. Ол менен ештеңе талап еткен емес. Хаттарында сондай ақылды, әдемі сөздер жазатын. Оның хаттары мені таң-тамаша ететін", – дейді 55 жастағы ер адам.

Мұқанов Лилияның бірнеше суретін де көрсетті. Алайда бойжеткеннің тегін ұмытып қалған. Оның мекенжайы жазылған хаттарды да жоғалтып алды. Ер адам екі рет үйленген, бойжеткен қызы бар.

"Егер ол тұрмыс құрған және күйеуі бар болса және бақытты ғұмыр кешіп жатса, мен оған тек жақсылық тілеймін. Ал егер ол да жалғызбасты болса, мен онымен кездесіп, өмірімнің қалған бөлігін бірге өткізгім келеді", – деді Мұқанов.

Осы сюжет шыққаннан кейін Лилия табылды. Ол тұрмысқа шыққан және некеде бақытты екенін айтты. Төлеген болса, оған жақсылық тіледі, қазақстандықтарға да өз алғысын жеткізді.

"Ол бақытты өмір сүріп жатыр. Мен оған амандық мен бақыт тілеймін", - деп атап көрсетті Мұқанов. 

Жаңалықтар
0