НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан – Sputnik. Біз Ресеймен жақсы қарым-қатынаста болсақ, бұл құрлықта бейбітшілік болатынын өз тарихымыздан жақсы білеміз, деп мәлімдеді бұрынғы неміс канцлері Герхард Шредер.
Ол сейсенбі күні Путиннің Мюнхендегі конференцияда сөйлеген сөзінің 14 жылдығында осындай пікір білдірді. Дәл осы күні Брюссельде Еуропарламент депутаттары еуропалық дипломатия басшысы Жозеп Боррельдің Мәскеуге жайсыз уақытта барғанын сынға алды, деп хабарлайды РИА Новости.
Испаниялық шенеуніктің қылығына негізінен шығысеуропалықтар наразылық білдірді.
"Біз Ресеймен қарым-қатынастың тарихи қиылысында тұрмыз. Біздің таңдауымыз осы ғасырдағы күштердің халықаралық қарқынын айқындайтын болады. Еуроодақ Ресеймен қарым-қатынаста ашық немесе жабық қоғамға ұмтыла ма?" деген пікір білдірді Боррель.
Еуропарламент депутаттары қатты алаңдамаса да болады. Себебі, таңдау жасайтын олар емес. ЕО саясаты немістердің (кейде француздардың) шешіміне байланысты. Сондықтан, Ресей үшін ең алдымен Берлиндегілердің пікірі маңызды. Ал Германияны елдегі биліктің ауысуы күтіп тұр. Меркельдің қызметтен кетуімен бірге елдің бүтіндей бір дәуірі де аяқталып жатыр. Шын мәнісінде, таңдау жасауды соза тұратын уақыт аяқталып жатыр. Меркельге дейін ел билігінің тізгінін ұстаған шенеунік ретінде Шредер мәселенің мән-жайын жақсы түсініп отыр. Сондықтан, ол Ресеймен қарым-қатынасты қорғай отырып, салмақты мысалдарды сөзіне негіз етіп, бейбітшілік пен соғыс туралы сөз қозғап отыр. Ол өз үндеуін барлық еуропалыққа және ең алдымен немістерге, неміс элитасына арнады. Германияның айналасында бірыңғай Еуропа құруды көздейсіздер ме? Онда немістердің тарихына көз жүгіртіңіздер. Сонда Ресеймен қандай қарым-қатынаста болу керек екенін түсінесіздер.
Соңғы бір жарым ғасырдағы үш бірігудің екеуі үшін Германия Ресейге қарыздар. Иә, немістер өткен айда Екінші рейхтың құрылуының 150 жылдығын атап өткен жоқ. Бірақ егер Ресей империясы қарсы болса, неміс жерін біріктіру бойынша Бисмарк жоспары жүзеге аспайтын еді.
Ұлы Отан соғысынан кейін жеңімпаздар Германияны бөлшектеп бөліп алды десе де болады. Осыдан кейін оның батыс бөлігі атлантикалық торапқа байланып, бірыңғай Батыс Еуропа түзіле бастады. Осы кездің өзінде немістер Мәскеумен қарым-қатынасты реттеуге тырысты. Иә, Германияның қайта бірігуіне КСРО дағдарысы мен тарауы ықпал етті. Бірақ, бұл атлантикалықтардың қарсылығына қарамастан, орыстардың бастамасымен іске асты.
Яғни, Германияның ұлттық мүдделеріне алаңдайтын әрбір неміс өз елі үшін Ресеймен қарым-қатынастың маңызын жақсы түсінеді. Онда неге Шредер осындай айдан анық мәселені түсіндіруге мәжбүр?
Себебі, немістердің басым бөлігінде ұлттық ой-таным жоқ. Олар ұлттық мүдде жайлы ойланудан қорқады. Себебі, Германияның кінәсі ауыр болғаны соншалық, немістер өздерін басқалардан жоғары қоймауы керек, өз мүдделерін қорғамауы керек. Олар тек еуропалық екенін, жалпы еуропалық мүдделерді қорғайтынын мақтан тұтса жеткілікті. Дәл осы сипаттамада Ресейді үнемі жауыз етіп көрсету таңғаларлық жайт емес. Яғни, онымен кейбір мәселелер бойынша ынтымақтастық орнатуға болады, бірақ, оның тарапынан әркез қандай да бір жайсыз жағдайлар күту керек.
Міне, неміс элитасының ой-санасына осы ұстаным әбден сіңірілді. Бірақ соңғы уақытта жүргізілген сауалнама нәтижесіне сәйкес, қоғамдық пікірдің басым бөлігі АҚШ емес, Ресеймен тығыз байланыс орнатуды қалайды. Америкадан көңіл қалғалы қашан! Трамп билікте болған кезде жағдай ушыға түсті.
Трамп кетті, бірақ бірыңғай Батыс ыдыраудың алдында тұр. Неміс элитасы да Германияның жауапкершілікті өз мойнына алатын уақыты жеткенін жиі айтып жүр.
Германия маңызды таңдаудың алдында тұр. Ол өзінің және Еуропаның болашағы үшін жауапкершілікті мойнына алуы керек. Таңдау жасаудан бас тартуға, уақыт созуға енді болмайды. Себебі, Германиядан "атлантикалық жоспарға" адалдығын растауды талап етеді. Ал неміс элитасының мұны орындауға құлқы жоқ. Сондықтан, қыркүйектегі сайлаудан кейін немістер элитасы үшін ақиқат сәті туады.