Бірақ ЕАЭО елдерінің аумағында газ тасымалына арналған тариф мәселесі әлі де ашық күйінде тұр. Бүгінгі күнгі мәлімет бойынша тараптар келісімге келе алмады.
Жобаны жеделдету туралы шешім қабылданды
Жақын арада Ресей ортақ газ нарығы туралы халықаралық келісімшарт әзірлейді. Одан кейін Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттер құжат жобасы бойынша жұмыстарды бастайды. Бұл жөнінде өткен жексенбіде "Беларусь-1" телеарнасының эфирінде Беларусь премьер-министрі Роман Головоченко мәлімдеді.
"ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары жоғарғы кеңесте 2025 жылға дейінгі ықпалдастықты дамыту стратегиясы жөнінде шешім қабылдады", – деді Роман Головченко.
"Қазір Ресей Федерациясы Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) берген тапсырмаларға сәйкес ортақ газ нарығы туралы халықаралық келісімшарт дайындап жатыр. Ресейлік әріптестер жұмысты жеделдету керек екенін жақсы түсініп отыр. Сондықтан, біз көп ұзамай газ нарығы туралы келісімшарт жобасы бойынша жұмыстарды бастаймыз деп ойлаймын".
ЕЭК Алқасының төрағасы Михаил Мясниковичтің айтуынша, келісімшартты әзірлеу жұмыстары осы жылы аяқталуы мүмкін. Ал келісімге қол қою 2022 жылға жоспарланған.
Естеріңізге сала кетсек, 2016 жылы Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесі Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері үшін ортақ газ нарығын құру тұжырымдамасын бекітті. Құжатқа сәйкес, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей 2025 жылға дейін ортақ газ нарығын құруы керек.
Мүдделер қайшылығы
Сарапшылардың бағалауы бойынша, Беларусь пен Армения газды ресейлік ішкі нарық бағасымен алғысы келеді. Ал Ресей болса, ЕАЭО аясындағы әлдеқайда терең ықпалдастықты қалап отыр.
Өткен жылы көктемде өткен Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Ресей президенті Владимир Путин бірыңғай тариф бюджеті мен салық жүйесі де бірыңғай нарықта ғана болатынын мәлімдеген болатын.
Сарапшылардың пікірінше, белорустар мен армяндар ықпалдастықтың мұндай деңгейіне әлі дайын емес. Ал Ресей өз кезегінде белгілі бір саяси кепілдіксіз экономикалық тәуекелдерді өзіне алуға құлқы жоқ.
Оның айтуынша, Ресей үшін бұл жоба саяси мәнге ие. Себебі, ол болмаса ЕАЭО елдерінің шынайы ықпалдастығын қамтамасыз ету мүмкін емес. Қазақстан мен Қырғызстан үшін бұл екіжақты қарым-қатынас мәселесі. Себебі, Қырғызстан қазақстандық газды импорттаушы.
"Армения мен Беларусь үшін ортақ нарық құрудың астарында осы елдерге жеткізілетін ресейлік газ бағасын төмендетуге деген үміт жатыр. Олар бұл бағаны ішкіресейлік деңгейге дейін арзандатқысы келеді. Алайда, олай болуы екіталай, – дейді Дмитрий Коптев. – Газ тасымалына арналған тарифтерді бекіту шешімін таппаған соңғы мәселе болып тұр. Армения мен Беларусь үшін соңғы баға осыған тәуелді. Бұл елдер өз шығындарын азайтуға тырысып отыр. Ал Ресей Беларусь пен Армения Еуразияны бірыңғай макроэкономикалық өңір ретінде сақтауға тырысатынына кепілді талап етуде".
"Жалпы, ортақ нарық деген ЕАЭО ішінде мемлекеттер арасында газ саудасына қатысты ешқандай шектеу болмауын білдіреді, – дейді Ұлттық энергетикалық қауіпсіздік қорының жетекші аналитигі, Ресей үкіметі жанындағы қаржы университетінің ғылыми қызметкері Игорь Юшков. – Мысалы, қазір Ресей құбырлары арқылы газ экспорттау құқығы "Газпромда" бар. Одан бөлек НОВАТЭК пен "Роснефть" те газ саудасымен айналысады. Бірақ, соңғы екеуі Беларуське газ жеткізе алмайды".
Сарапшының айтуынша, белорустық билік ортақ нарық дегенді газ бағасын арзандату деп қана түсініп отыр.
"Сонымен қатар, Беларусь газдың ортақ нарығы құрылса, орыстар қазақстандық газды Ресей арқылы белорустық тұтынушыларға жеткізуге рұқсат беруі керек дейді. Бұл мүмкін емес. Себебі, ол баға Ресейдің өз ішінде де субсидияланады. Арменияның ортақ нарыққа қатысты жоспары да Беларусьтікіндей", – деп санайды Юшков.
Ортақ нарықтың бұлыңғыр болашағы
Игорь Юшковтың пікірінше, ЕАЭС ортақ газ нарығын құру газ саудасына елеулі өзгерістер алып келмейді. Мемлекеттер арасында газ жеткізу үшін шекара ашық болғанымен, нарық өзгеріске ұшырайды деу қиын.
"Армения мен Беларусь үшін баға өзгермейді. Себебі, Ресейдегі газ өндіру орындарынан республикаларға жеткізу құны тым қымбат. Тәуелсіз газ өндірушілер жаңа нарыққа келмейді. Өйткені, олар үшін газды қымбат бағамен сату тиімді. Яғни, қазір Газпром сатып жатқан 1 мың текше метр газ үшін 130 доллардан жоғары сатқылары келеді", – деді Игорь Юшков.
Оның айтуынша, тасымалдау жұмыстарының ауқымдылығына байланысты Қазақстан да Армения мен Беларуське газ жеткізе алмайды.
"Ол газды Қытайға жеткізу арқылы жақсы табыс тауып отыр", – деді сарапшы.
"Шынымды айтсам, ортақ нарық іске қосылатынына күмәнім бар, – деді Дмитрий Коптев. – Келіссөздер қиын жүріп жатыр, келісімге қол қою мерзімі қайта-қайта кейінге қалдырылуда. Тараптар келісімге келген күннің өзінде ЕАЭО құжатында қарастырылған ортақ нарықтағы баға екі жолмен анықталады. Оның бірі – тікелей келісімшарттар аясында, екіншісі – биржаларда. Бірақ, биржаны алдымен құрып алу керек".
Бүгінде тарифті бекіту механизмін атап айту қиын. ЕАЭО құжаттарында бұл мәселе аз қамтылған.
"Біз газдың бірыңғай емес, ортақ нарығы жайлы сөз қозғап отырмыз. Бұл екеуі екі түрлі, – дейді Энергетика және қаржы институтының энергетика бағыты жөніндегі бас директорының орынбасары Алексей Белогорьев. – Егер, ЕАЭО-ға мүше бес мемлекет бірігіп, ол нарықтың үстінен тағы бір жоғарғы реттеуші орган бақылау жасаса, бірыңғай нарық болар еді. Ал ортақ нарық дегеніміз – өз ережелері бойынша әрекет ететін жеке субстанция. Ол трансшекаралық, мемлекетаралық саудаға қатысты".
Сондықтан, мемлекеттердегі заңнамалық талаптар біріздендірілмейді, тек үйлестіріледі. Сол себепті тасымалдау тарифтері мен бағаға қатысты көптеген алуан түрлілік сақталады деп санайды сарапшы.