Оқиға

Пакет толы ақшаны тартып әкетті: Нұр-Сұлтанда қарақшылық шабуыл видеоға түсіп қалды

© Photo : ДВД ЮКОҚарақшылық әрекет, архивтегі сурет
Қарақшылық әрекет, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.02.2021
Жазылу
Тәртіп сақшыларының айтуынша, тергеу кезінде ЖШС қызметкерлерінің қылмысқа қатыстылығы да мұқият тексерілетін болады

НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан – Sputnik. Елордада бір топ қарақшы ЖШС қызметкерлеріне шабуыл жасап, миллиондаған ақшаны тартып әкетті, деп хабарлайды Polisia.kz.

Астаналық ЖШС менеджері Есіл аудандық полиция бөліміне келіп, Мәңгілік ел көшесінде белгісіз адамдар тарапынан шабуылға ұшырағанын айтып шағымданған.

Жәбірленушінің сөзінше, сағат 20:00 шамасында ол өз әріптесімен бірге банкоматтан 10 миллион 900 мың теңгені шешіп алған.

"Олар терминал орналасқан ғимараттан шығып, көлікке бара жатқанда төрт жігіттің шабуылына ұшыраған. Пакет толы ақшаны тартып алмақ болған қарақшылар менеджерді соққыға жыққан. Жанжал кезінде шабуылдаушылар газ баллонын қолданып, ЖШС қызметкерлерінің 3 миллион теңгесін әкеткен. Қылмыскерлердің сыбайластары оқиға орнына жақын маңда автокөлікте күтіп тұрғандықтан, олар лезде із суытып үлгерген", – делінген ақпаратта. 

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері қарақшылық жасады деген күдікпен 18-23 жас аралығында жеті жігітті ұстады.

Қазіргі кезде аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 4-бөлігі 192-бабы (қарақшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыстық іс бойынша барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тексере келе күдіктілер қаражаттың бір бөлігін жұмсап үлгергені белгілі болды. Ал тінту кезінде табылған 700 мың теңгені полицейлер тәркіледі.

Оқи отырыңыз: Мүфтият: ислам қаныпезер қарақшылық пен қан төгуді қатаң айыптайды

Тәртіп сақшыларының айтуынша, тергеу кезінде ЖШС қызметкерлерінің қылмысқа қатыстылығы да мұқият тексерілетін болады.

Жаңалықтар
0