Қазақстан бағалы минералдарға бай. Біздің еліміз минералдық ресурстар бойынша әлемдегі ең бай мемлекеттердің бірі. Агат пен аметист, кальцит пен кварц, сом мыс пен пирит секілді көптеген минерал бағалы тастарды жинауды сүйікті ісіне айналдырғандардың коллекциясында кездеседі.
Нұр-Сұлтанда ашылған минералогиялық музейде сом алтын, мыс және темір, эвдиалит, аметист, изумруд, топаз, танзанит, хароит, нефелин, тасқа айналған ағаштар және тағы басқа ғажайып минералдар қойылған.
Музейде Қазақстан аумағында, сондай-ақ, Еуропа, Африка, Оңтүстік Америка, Австралияда жинақталған экспонаттар бар.
Олардың ішінде қызықты экспонаттың бірі – Теңіз мұнай кен орнындағы жарылыс пен өрт салдарынан пайда болған тенгизит минералы.
"1985 жылы Қазақстандағы Теңіз кен орнында болған жарылыс нәтижесінде қою көк пен қара түстердің үйлесімі бар ерекше түсті минерал пайда болды", - деді Sputnik Қазақстанға экскурсия жетекшісі Гүлмира Досмағамбетова.
Мұнайдың жануынан тенгизит минералы түзілді. Оны "қатып қалған от", "отты теңіз тамшысы" немесе қазақстандық "айдаһар шынысы" деп те атайды.
Минералдар туралы Sputnik Қазақстан фотосуреттер топтамасынан оқыңыз.