АЛМАТЫ, 10 ақпан – Sputnik. Алматыда бір күнде 10-15 сантиметр қар жауды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қалада қар 9 ақпан сағат 20.00-де жауа бастады. 10 ақпан сағат 06.30-дағы жағдай бойынша қалада 10-15 сантиметр қар жауды, ал таулы аймақтарда қардың қалыңдығы 20 сантиметрге дейін жетті.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, қарды сыртқа шығару жұмыстары басталды, қазірге дейін 830 текше метр қар шығарылды.
Аудандық әкімдіктерде тәулік бойына кезекшіліктер ұйымдастырылған. 10 ақпан таңнан бастап қар тазалаумен 552 техника, 1 890 жұмысшы айналысып жатыр.
Тротуарлар, жаяу жүргіншілер аймағы, қоғамдық көлік аялдамалары, автотұрақтар, жерасты өткелі, саябақтар мен гүлзарлар тазартылады.
Көктайғақтың алдын алу мақсатында түнде жолдарға көктайғаққа қарсы материалдар себілді. Сондай-ақ, қар күреу колонналары ұйымдастырылды, оған жол полициясы патрульдік көліктері ілесіп жүрді. Түнде қаладағы қар тазалау жұмыстарына 557 техника, оның ішінде 221 құмлақтырғыш жұмылдырылды. 676 адам қар тазалау жұмысымен айналысты.
Сондай-ақ, 3 340 тонна көктайғаққа қарсы материал себілді.
Айта кетейік, 11 ақпанда Алматыда күн бұлтты болады, қар аралас жаңбыр жауады. Ауа температурасы күндіз +3...+5 градус, түнде -2...0 градус болады. Желдің жылдамдығы 2-7 м/с жетеді.