АЛМАТЫ, 9 ақпан — Sputnik. Алматының Бостандық аудандық сотында отырыс өтті. Бұрынғы прокурор мен екінші деңгейлі банк менеджеріне қатысты іс қаралды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сот жабық режимде өтті. Бірақ үкім адамдардың қатысуымен оқылды. Экс-прокурор Тимур Тілембаев пен банктің бұрынғы топ-менеджері Қанат Әлиқұл сотталды.
"Сот қылмыстық-процессуалдық кодекс баптарының негізінде мынадай шешім қабылдады. Қанат Әлиқұл мен Тимур Тілембаев кінәлі деп танылып, әрқайсысы 8 жылға бас бостандығынан айырылады. Екеуі де жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді", - деді судья.
Олардың қылмыс жасаған кезде мас болғаны ескеріліп, жаза күшейтілгені айтылды.
Сот жыныстық қатынас пен зорлық әрекеті толықтай дәлелденді деген шешімге келді.
Айта кетсек, Тимур Тілембаев тергеу кезінде үйқамақта болған. Ол сот отырысы аяқталған соң бірден қамауға алынады.
Бұдан бөлек, сотталушылар жәбірленушіге 3 миллион теңге көлеміндегі ақша беруі тиіс.
Зорлау оқиғасы
Жәбірленушінің оқиғасын адвокат Жанна Оразбахова өткен жылдың тамыз айында айтқан болатын.
Қылмыс 2019 жылдың қараша айында жасалған. Оның айтуынша, бойжеткен банк менеджерінің үйіне қонаққа барған. Екеуі таныс болғандықтан, қыз оған сенген.
Кейін үйге бұрынғы прокурор келді. Екеуі әйелді күтеп ұстап, таң атқанша зорлаған.
Жәбірленуші қашып шығып, полицияға барды. Адвокат полицейлер арызды тек бір күннен соң қабылдағанын жеткізді. Тергеу кезінде сотталушылар жәбірленушіге қоқан-лоқы көрсетіп, суреті мен видеосын желіде таратып жіберетінін айтқан.
"Жәбірленушіге сотталушылардың туыстары да қысым көрсеткен. Екеуінің кішкентай балалары бар екенін айтып, сотталудан аман алып қалмақ болды", - деді адвокат.
Тергеу бірнеше айға жалғасты. Прокуратураға арыз жазған соң бір-ақ біршама жылдамдады.