НҰР-СҰЛТАН, 8 ақпан – Sputnik. Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты 52 жастағы әйелге қатысты сот үкімін шығарды. Ол туған ағасына пышақ салып, абайсызда өлтірді.
Тергеу материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға өткен жылы мамыр айында болған. 52 жастағы әйел ағасымен бірге арақ ішкен. Сол кезде екеуі сөзге келіп, арты жанжалға ұласты. Ашуға мінген әйел ағасына пышақ алып жүгірді.
"Екі жарақат қатты тимеген. Әшейін, жеңіл ғана иығынан және санынан тіліп өткен. Ал бір соққы тура кеуде тұсына келді. Осы жарақаттан ер адам қайтыс болды", - дейді сот мамандары.
Сол күні әйел ағасына пышақ салғаннан кейін жатын бөлмеге кіріп кетті. Ал ағасы ваннаға барып, сол жерде қайтыс болды.
Тергеу кезінде Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 3-бөлігі ("Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру, абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан іс-әрекет") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті өз кінәсін толығымен мойындады және процессуалдық келісімге келді. Осыған байланысты сот оны 6 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.