НҰР-СҰЛТАН, 8 ақпан – Sputnik. Ішкі істер министрлігі жүргізуші куәлігінсіз жүруге рұқсат берілгеннен кейін полицияға жеке куәлікті көрсету тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіповтың айтуынша, әзірге жеке құжаттардың цифрлық үлгісін көрсетуге болмайды. Сондықтан жеке куәлікті өзімен бірге ұстап жүрген дұрыс.
"Иә, қазіргі кезде цифрландыру министрлігі цифрлық құжаттар қызметін дамытып жатыр. Алайда жеке басты куәландыратын құжаттар туралы заңнамаға сәйкес, әзірше бұл құжаттарға материалдық объектілер ғана жатады. Ал жеке куәліктің фотосын көрсете салуға болмайды. Себебі мәселе фотода емес, полиция жүргізушінің жеке басын анықтауы тиіс", - деді Түсіпов ішкі істер министрлігінің баспасөз орталығында өткен онлайн брифингте.
Оның ойынша, цифрлық технологиялар дамыған сайын цифрлық құжаттардың құқықтық мәртебесі де өзгереді. Сондықтан болашақта көлік жүргізушілер цифрлық құжаттарды қолдануы әбден мүмкін.
Оқи отырыңыз: Жүргізушінің жеке куәлігі болмаса қандай шара қолданылады
Айта кетейік, 13 ақпаннан бастап көлік иелеріне жүргізуші куәлігін өзімен бірге алып жүрудің қажеті жоқ. Полицейлер жүргізуші куәлігін, көлікті тіркеу куәлігін, сақтандыру полисін, сондай-ақ техникалық байқаудан өткенін растайтын құжатты планшет арқылы тексереді. Ал интернеті жоқ елді мекендерде және тас жолдарда радиобайланыс арналары арқылы тексеріледі.
Заңның жаңа нормасы тек Қазақстан азаматтарына қатысты. Шетелдік нөмір таққан көліктер мен жүргізуші куәлігін шетелде алған жүргізушілер өзімен бірге барлық құжатты алып жүруі тиіс.