Экономика

Tengri Bank неге лицензиясынан айырылды – маман жауабы

© Sputnik / Абзал КалиевВывеска отделения Tengri Bank
Вывеска отделения Tengri Bank - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.02.2021
Жазылу
Банк иелігінде клиенттердің алдындағы міндеттерін орындайтын қаражаты болған жоқ. Акционерлер мен менеджментке байланысты тұлғаларға қайтарылмайтын кредит беруінің салдарынан төлем жасау қабілетсіздігі туындаған  

НҰР-СҰЛТАН, 8 ақпан — Sputnik. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) банктік реттеу департаментінің директоры Олжас Қизатов Tengri Bank-ті таратуға не себеп болғанын айтып берді.

2020 жылдың басында салымшылардың қаражаты айтарлықтай төмендеп, наурыз айына қарай қаржы мекемесі өтімділіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ету бойынша проблемаға тап болды.

"2020 жылдың 1 наурызынан бастап Tengri Bank реттеушінің пруденциялық нормативтерін бұзып, банктің клиенттеріне қызмет көрсете бастады. Нәтижесінде агенттік банктің акционеріне (PNB) 2020 жылдың сәуір айының соңына дейін банкті капиталдандыру бойынша қадағалау талабын жолдады. Бірақ бұл талап орындалған жоқ", - деді Олжас Қизатов.

Банк көп көлемде қайтарылмайтын кредит берген

Департамент директорының айтуынша, 2020 жылдың наурыз айынан бастап қыркүйек айына дейін ҚНРДА банк менеджменті мен акционерлеріне қатысты 11 ескерту ұйғарымы мен 1 мәжбүрлі қадағалау шарасын қабылдаған.

Содан кейін банк қаржылық реттеушінің бақылауымен кредиттердің бір бөлігін қайта қаржыландырды және проблемалық кредиттердің бір бөлігін өндіріп алды. Нәтижесінде банктің міндеттемелері 26,4 миллиард теңгеге (63 миллион доллар) азайды. Оның ішінде мемлекеттік компаниялар алдындағы 5 миллиард теңге (12 миллион доллар) міндеттемесін өтеді.

Алайда Қизатов банктің қаржылық жағдайын жақсарту үшін бұл шаралар жеткіліксіз болғанын атап өтті.

2020 жылдың қыркүйегінде банктің қолжетімді өтімділігі шамамен 100 миллион теңге (238 мың доллар) болса, клиенттердің тарапынан орындалмаған төлемдер көлемі 8 миллиард теңгені (19 миллион доллар) құрады. Ал банктің өз клиенттері алдындағы қаржылық міндеттемелерінің жалпы көлемі 74 миллиард теңгеден (176 миллион доллар) асып кетті.

"Банк төлем жүргізуге қабілетсіз болды және оның тиімсіз бизнес-моделі жағдайды қалпына келтіру үшін қажетті табыс алып келуге мүмкіндік бермеді. Tengri Bank-тің төлем қабілетсіздігі ең алдымен қарыз беру портфелінің төмен сапасына байланысты болды. Лицензияны қайтарып алу кезінде берешек портфелінің 84%-нің мерзімі кешіктірілген болса, төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен кредиттер көрсеткіші 62% болған", - деді ҚНРДА.  

Қаржы реттеушінің мәліметі бойынша, Tengri Bank кредиттерінің 58%-і банктің акционерлерімен және менеджментімен жанама байланыста болған адамдарға берілген және іс жүзінде қайтарылмаған.

Осыған байланысты қайтарымсыз кредит беру кезіндегі банк басшылығының іс-әрекетіне құқықтық баға беру үшін агенттік заңнамада белгіленген тәртіппен құқық қорғау органдарына өтініш жолдап, оған сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Акционерлер арасындағы дау-дамай

Қазақстандық акционерлердің арасындағы корпоративтік даулар қаржы институтындағы күрделі жағдайды шиеленістіре түсті. Бұл дау ушыға келе соттағы тартысқа айналды.

Банкте ақша болмағаны және акционер қаржы реттеушінің капиталдандыру бойынша талабын ұзақ уақыт бойы орындамағанынан бөлек, Tengri Bank пруденциялық нормативтерді бұзып, клиенттердің ақшалай төлемдері мен аударымдарын орындамаған.

"Банк менеджменті мен акционерлері тарапынан туындаған осы күрделі жағдайды түзету мүмкіндігінің болмауына байланысты банк лицензиясын кері қайтару туралы шешім қабылданды", - деді Олжас Қизатов.

Салымдардың басым бөлігін екі аптаның ішінде қайтарды

Осыдан кейін ҚНРДА Ұлттық банк және Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорымен (ҚДКҚ) бірлесіп, екі аптаның ішінде жеке тұлғалардың салымдарының басым бөлігін қайтарып берді.

Осылайша 17,8 миллиард теңге (42 миллион доллар) көлеміндегі жеке тұлғалардың депозиттері бойынша мемлекет кепілдігінің 10,7 миллиард теңгесі (25,5 миллион доллар) немесе кепілдік өтемақы көлемінің 60,4%-і мөлшеріндегі депозиттері екі аптада өтелді.

Қазіргі уақытта 16,6 миллиард теңге мөлшеріндегі депозиттер немесе кепілдік өтемақының 94%-і төленді. Қалған салымдар бойынша салымшылармен байланыс орнатылып, төлемдер жасау процесі жүріп жатыр.

Басқа салымшылардың қаражаты қашан қайтарылады

Қазір банктің уақытша әкімшілігі тарату жұмыстарын бастау үшін мәжбүрлі тарату туралы сот шешімін күтіп отыр.

"Тарату рәсімдері аясында кредит берушілердің шығынын өтеу заңнамада көзделген кезекке сәйкес жүзеге асырылады", - деп атап өтті ҚНРДА.

Қаржы реттеуші атап өткендей, әр кезектің талабы алдыңғы кезектің талабы толық қанағаттандырылғаннан кейін орындалады. Бір кезектегі кредит берушілердің талабы қанағаттандырылған кезде таратылатын банктің ақшасы және (немесе) басқа мүлкі осы кезектегі кредиторлары арасында бір уақытта қанағаттандырылатын талаптардың мөлшеріне тең бөлінеді.

Кредит берушілердің басқа қаражаты қылмыстық істі тергеу аясында қайтарылады.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың 18 қаңтарында бірқатар заңбұзушылық үшін Tengri Bank банктік және басқа да операцияларды орындау лицензиясынан айырылды. Клиенттердің және банктің өзінің банк шоттары бойынша барлық операция тоқтатылды.

Жаңалықтар
0