Қоғам

Зейнетақы жинағын пайдалану: өтінім берушілердің басты 5 қателігі

© Sputnik / Абзал КалиевДеньги, тенге, монеты
Деньги, тенге, монеты  - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.02.2021
Жазылу
Салымшының зейнетақы жинағын пайдалану кезінде жеке табыс салығын төлеу бойынша екі тәсілдің біреуін таңдау құқығы бар

НҰР-СҰЛТАН, 5 ақпан – Sputnik. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арнайы портал арқылы түскен өтінімдерді талдап, қателік жасаудың негізгі бес себебін анықтады. Соның салдарынан өтінімдер кері қайтарылады, деп хабарлады Sputnik Қазақстан

Бірінші себеп - салымшының уәкілетті операторға берген өтінішінде алуға болатын соманың қате, оның ішінде қолда бар зейнетақы жинағының мөлшерінен артық көрсету. Ондай қателік жасамау үшін өтінім берердің алдында өз зейнетақы жинағы туралы өзекті ақпаратты (enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте, БЖЗҚ мобильді қосымшасында, egov.kz порталында) тексеріп алу қажет.

Екінші себеп -  жеке табыс салығын (ЖТС) төлеу тәсілін таңдау кезінде алуға болатын соманың  дұрыс көрсетілмеуі.

"Салымшының зейнетақы жинағын пайдалану кезінде жеке табыс салығын төлеу бойынша екі тәсілдің біреуін таңдау құқығы бар. Ол салықты төлеуді кейінге қалдырып, зейнеткерлікке шыққаннан кейін он алты жылдан аспайтын мерзім ішінде ай сайын тең үлестермен төлеуге болады. Бұдан бөлек, біржолғы зейнетақы төлемін алған кезде салықты бірден толығымен төлеп тастауға мүмкіндік бар. Арнайы портал арқылы өтінім жібергенде жеке табыс салығын төлеу тәсілін көрсеткен жөн", - дейді қор мамандары.

Осы орайда маңызды бір мәселені ескеру керек. Жеке табыс салығы кейін төленсе, өтініште алуға болатын соманы салықтың мөлшерін шегермей,  көрсету керек. Ал салық толық көлемде бірден төленген жағдайда өтініште алуға болатын соманы 10% мөлшеріндегі жеке табыс салығын шегере отырып, енгізген жөн.

Үшінші себеп - салымшының өтінішінде алуға болатын сома ең төменгі жеткіліктілік шегі есепке алынбай көрсету. Мысалы, жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының барлық сомасын енгізіп қояды. Ал өтінімде БЖЗҚ-дан алған үзінді көшірмеде көрсетілген және алуға қолжетімді соманы ғана көрсетуге болады.

Төртінші себеп - өтініште валюта бағамдарының немесе зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліндегі қаржы құралдары құнының өзгеруі нәтижесінде инвестициялық табыстың нарықтық ауытқуына байланысты зейнетақы жинақтары сомасындағы өзгерістер ескерілмеген өзекті емес соманы көрсету.

"Ондай қателік жасамау үшін зейнетақы жинақтары туралы өзекті ақпаратты, оның ішінде қолжетімді сома туралы мәліметтерді біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға тікелей өтінім берер алдында тексеру керек", - дейді мамандар.

Бесінші себеп - салымшының бір өтінімді қайтаталап жіберуі. Ондайда асықпау қажет. Өтінімді бір рет жібергеннен кейін бес күндей күту керек. Заң бойынша осы уақыттың ішінде БЖЗҚ уәкілетті оператор ашқан арнайы есепшотқа ақшаны жібереді.

Еске сала кетсек, салымшының БЖЗҚ-да жеткіліктілік шегінен асатын сомасы болған кезде оны пайдалануға өтініш шексіз рет берілуі мүмкін. Егер қандай да бір себеппен салымшыға біржолғы зейнетақы төлемін алуға арналған өтінішті қанағаттандырудан бас тартылса, онда бас тарту себебін жойып, уәкілетті операторға қайта өтініш беруге болады.

Егер салымшы өз жинақтарын әртүрлі мақсаттарға пайдаланғысы келсе, онда осы мақсаттарға алуға болатын сома шегінде жекелеген өтініштер беруге болады.

Жаңалықтар
0