НҰР-СҰЛТАН, 5 ақпан — Sputnik. Қазгидромет алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын жариялады.
"Атлантика аудандарынан келген кезекті белсенді циклон Қазақстанның басым бөлігінде ауа райын анықтайтын болады. Жаңбыр, қар, солтүстікте бұрқасын болып, ауа райы нашарлайды. Сондай-ақ, ел аумағында көктайғақ болып, тұман түседі", - делінген ақпаратта.
Атмосфералық процестер тез ауысқандықтан, бүкіл республика бойынша ауа температурасы күрт өзгереді.
Ірі қалалардағы ауа райы
Елордада 6 ақпанда күндіз -1 градус, түнде минус 3 градус болады. Ал жексенбіде түнде - 2, күндіз он градус нөлден төмен. 8 ақпан күні қар жауады, күндіз -12 градус, ал сейсенбі күні жиырма градус нөлден төмен.
Алматыда сенбі күні күндіз +10 градус. 7 ақпанда күндіз +8 қар аралас жаңбыр жауады. Дүйсенбі күні де ауа температурасы плюс сегіз градус шамасында, жаңбыр жауады.
Шымкент қаласында ертең күндіз +18, түнде үш градус нөлден жоғары. 7 ақпанда жаңбыр жауады күндіз +11 градус шамасында. Дүйсенбіде күн бұлтты, күндіз +9, түнде +4.
Өңірлердегі ауа райы
5 ақпан күні Нұр-Сұлтан мен 12 облыста дабылды ескерту жарияланған болатын. Қостанай, Атырау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында тұман мен көктайғақ болып тұр. Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола, Қарағанды облыстарында бұрқасын болуы мүмкін. Тұман мен көктайғақ байқалады. Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарында да тұман.
Ертең, 6 ақпан күні Солтүстік Қазақстан облысында дабылды ескерту жарияланды. Түнде желдің екпіні секундына 25 метрге дейін жетуі мүмкін. Тұман мен көктайғақ болады.