НҰР-СҰЛТАН, 5 ақпан — Sputnik. Жұма күні Алматыда ЕАЭО премьер-министрлері қатысуымен Digital Almaty форумы басталды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев видеоүндеу жолдап, сессияны ашты.
"Болашақта технологиялар мен инновациялардың маңызы арта беретінін біз жақсы түсінеміз. 2021 жылы жасанды интеллект дамытуға бағытталған техникалық және бағдарламалық шешімдердің нарығы 35%-ке өсіп, 12 миллиард долларды құрайды. Мұндай жағдайда бізге осы саладағы жұмыстарды ортақ үйлестіру қажет болады", - деп атап өтті мемлекет басшысы.
Ол Қазақстанда шешім қабылдаудың ақылды экожүйесін құруға негізгі басымдық берілгенін атап өтті. Бұл тәуекелдерді болжау мен алдын алудың шын жұмыс істейтін модельдерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осы мақсатта Назарбаев Университетінің базасында жасанды интеллект ұлттық кластері құрылып жатыр. Президенттің айтуынша, алдағы бес жылда цифрландыруды дамытуға шамамен 500 миллиард теңге тарту жоспарланып отыр.
"Біздің бастамаларымыздың тиімділігі ұлттық ақпараттық жүйелердің сәйкестігіне байланысты болады. Біздің Одақтың аясындағы ықпалдастық процестері толықтыруларды қажет етеді. Бүгін ынтымақтастыққа қатысты көп идеялар мен конструктивті ұсыныстар болатынына күмән жоқ. Біз бұл мәселені белсенді түрде талқылауды жалғастыра береміз", - деді Тоқаев
Айта кету керек, сессия басталар алдында халықаралық маңызы бар шара жайлы ақпарат тарататын журналистердің баспасөз орталығында интернет істемей қалды.
Еске салсақ, осы форумнан кейін үкімет басшылары Одақ елдерінің үкіметаралық кеңесінің отырысында бас қосады.