Қоғам

Адвокат БЖЗҚ-ны сотқа берді – қор өкілдері отырысқа неге қатыспағанын түсіндірді

© AP Photo / Jean-Francois BadiasСудебный молоток, архивное фото
Судебный молоток, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.02.2021
Жазылу
Сот отырысы 2 ақпанда өткен, бірақ оған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өкілдері қатыспады

НҰР-СҰЛТАН, 5 ақпан – Sputnik. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры сотқа шағым түсірген адвокатқа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жақында адвокат Жангелді Сүлейманов БЖЗҚ-ның үстінен сотқа арыз түсіргенін мәлімдеді. Негізгі себеп – қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарына жасалған сапасыз аудит. Оны "Делойт" компаниясы өткізді.

"Аудит есебінде екі өрескел қателік жүр. Біріншіден, біздің жинақтарымызға бухгалтерлік есеп жүргізудің бағалауы жоқ. Екіншіден, бухгалтерлік балансқа аудит жасалмады. Міне, осындай аудит үшін миллиондаған теңге төленді", - деп жазды Сүлейманов Facebook парақшасында.

Адвокат қор мамандарының сот отырысына қатыспағанын жазды. Олар онлайн байланысқа шықпаған.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры осы мәселеге қатысты түсініктеме берді.

"Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының 2021 жылдың 14 қаңтардағы ұйғарымына сәйкес, істі 2 ақпандағы сот отырысына дайындау мақсатында 10 сағат 30 минутқа әңгімелесу тағайындалды. Сот талқылауының осы сатысында іс мәні бойынша қаралмайды, процеске қатысушыларға олардың құқықтары түсіндіріледі, дауды бітімгершілік келісіммен аяқтау ұсынылады, жауапкер талап арызға пікір ұсынуға міндеттеледі", - деді қор мамандары.

Алматы қаласында індетке қарсы енгізілген шараларға байланысты сот отырыстары WhatsApp арқылы өтеді. Сол күні қордың өкілдері online-режимде байланыста болды.

"Алайда қорға қатысы жоқ техникалық себептер бойынша қор өкілдері сот отырысына қосылмай қалды, бұл туралы процеске қатысушылардың барлығы хабардар болған. Осыған байланысты сот отырысы 10 ақпанға кейінге қалдырылды. Бұл ретте қор талап арызға пікірді уақытылы ұсынды және арызданушының онымен танысуға мүмкіндігі бар", - дейді олар.

Осы орайда қор мамандары адвокаттың бұған дейін осы іспетті бір шағым түсіргенін еске салды. Бірақ сот оның талаптарын қанағаттандырмады. Ал адвокаттың өзі де аппеляциялық шағым жазған жоқ.

Жаңалықтар
0