Қоғам

Оқытушының өзі жазады: депутат плагиаттың белең алғанына алаңдады

© Sputnik / Alexas_FotosПортфель асынған ер адам, иллюстративті фото
Портфель асынған ер адам, иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.02.2021
Жазылу
Білім және ғылым вице-министрі Қазақстанда 20 мыңға тарта ғылыми қызметкер болғанымен, жыл сайын тек 200 жұмыс қана түсетінін айтады

НҰР-СҰЛТАН, 4 ақпан – Sputnik. Сенат депутаты Сәуле Айтпаева жоғары оқу орындарындағы плагиат мәселесін көтерді. Сенатордың айтуынша, қазір интернеттен докторлық және кандидаттық диссертацияларды оп-оңай сатып алуға болады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айтпаеваның айтуынша, Google-де "Қазақстанда докторлық, кандидаттық диссертацияны сатып алу" деген сауалға 46 секунд ішінде 303 мыңға жуық іздеу нәтижесі шығады. Тіпті, сайттардың бірі уақыт жоғалтпай, өзіңізге қажет жұмысты бірден сатып алуды ұсынады.

"Ол жерде ғылыми жұмыстың кезеңдері, бағасы, жоғары білікті мамандар – кадидаттар мен ғылым докторлары жазатыны көрсетілген. Ал олар үшін тапсырыспен кандидаттық диссертация жазу кезекті бір тапсырманы орындау ғана", – дейді депутат.

Сенатор ғылыми жұмыстарды ұрлау жиілеп кеткенін, диссертациялар плагиаттыққа тексерілмейтінін атап өтті.

"Студенттер мен магистранттардың өзі: "плагиат жасау оңай, өзің ұсынған бір бетті тексереді, ал қалғаны өтіп кетеді", "магистрлік жұмысты тапсыру оңай болды, бәрі тамаша өтті, диссертацияны өзім тапсырған оқытушы жазып берді" деп жазап жатады", – дейді Айтпаева.

Депутаттың айтуынша, интернетте Қазақстанның ғылымы, оның жетістіктері, отандық ғалымдар, республикада жүргізіліп жатқан жаңашылдықтар туралы мақала жоқтың қасы.

Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова министрлік бұл жағдайдан хабардар екенін және үнемі бақылап отырғанын айтты.

"Біз ғылыми ұйымдарға, зерттеу нәтижелеріне талаптарды күшейту үшін жыл сайын нормативтік-құқықтық актілер қабылдаймыз. Плагиаттың жолын кесу үшін Бас прокуратурамен жұмыс істеп жатырмыз. Былтыр мемлекеттік мекемелерде бірыңғай антиплагиат жүйесі орнатылды. Аталған проблеманы жою үшін бұл практиканы одан әрі жалғастырамыз", – деп сендірді ол.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда диссертация қорғау талаптары күшейтіледі

Бұл ретте Қаринова қазақстандық ғалымдардың өздері ғылыми жұмыстарды аз ұсынатынын айтты. Республикада 20 мыңға тарта ғылыми қызметкер бар, бірақ жыл сайын тек 200 жұмыс қана түседі.

Жаңалықтар
0