Экономика

Депутат жер аудару жазасын қайтаруды ұсынды

© Sputnik / Абзал КалиевДепутаты и приглашенные прибывают на совместное заседание парламента
Депутаты и приглашенные прибывают на совместное заседание парламента  - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.02.2021
Жазылу
2020 жылы экономикалық қылмыстар саны 23 процентке өскен. Соның басым бөлігі – жалған шот-фактура жазып беру, бухгалтерлік есепті бұзу

НҰР-СҰЛТАН, 3 ақпан – Sputnik. "Ақ жол" партиясының фракциясы бас прокурорға депутаттық сауал жолдап, кәсіпкерлерді жазалау жүйесін өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутат Андрей Линниктің айтуынша, бүгінде тергеуге түскен кәсіпкерлерді қамауда ұзақ ұстайды. Осы уақытта ақша бопсалау мен бизнесті тартып алу жағдайлары да болып жатады. Ал түрмеге отырғызған соң бизнесі жабылып қалады.

"Ондайда жүздеген адам жұмыстан, ал мемлекет салықтан айырылады. Оған қоса, қоғам сотталғанды ұстауға кететін шығынды төлейді. Бәрі ұтылады. "Ақ жол" демократиялық партиясы кінәлі кәсіпкерлерді  қамаумен емес, ақшамен жазалау қажет деп санайды. Қаржы ұрлады ма, салық төлемеді ме, екі есе артық төлесін. Осының арқасында ол экономика субъектісі болып қала береді. Мемлекетке пайда түседі, жұмыс орны да сақталады", - дейді Линник.

Депутаттық фракция баламалы жазалау жолдарын да енгізу қажет деп санайды. Атап айтқанда, ақпараттық технологиялар көмегімен жер аудару жазасын қайта жандандыруға болады. Ал тәртіп бұзатын кәсіпкерлердің арасында кәсіби бизнесмендердің аз емес екенін ескерсек, ондай адамдарды тұрмысы төмен елді мекендерге жер аудару арқылы сол ауыл мен ауданның экономикалық жағдайын көтеруге мүмкіндік бар.

"Ондай адамдар жай отырмайды ғой. Отбасын да, бизнесін де сол жерге алып барады. Өзіне және қарамағындағы мамандарына үй салып береді. Балалары оқитын мектепті жөндеп бере алады. Демалыс орнын ашады. Осылайша, мемлекет тұрмысы төмен аудан орталықтарын жандандыра алады", - деп атап көрсетті Линник.

Ресми мәліметке сәйкес, 2020 жылы экономикалық қылмыстардың саны 23 процентке өскен. Соның басым бөлігі – жалған шот-фактура жазып беру, бухгалтерлік есепті бұзу және тағы басқа қылмыстар. Ол үшін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Жаңалықтар
0