НҰР-СҰЛТАН, 3 ақпан – Sputnik. Алматының Бостандық ауданы Сәтбаев көшесінде көлікке қызмет көрсету орталығынан өрт шықты.
Сейсенбі күні сағат 21.52-де өрт сөндіру қызметіне хабар түсті, деді қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі. Өрттің жақын маңдағы гараждар мен жанармай бекетіне ауып кету қаупі болды.
Алдын ала болжамға сәйкес, 20-ға жуық көлік өртеніп кеткен. Ыстық температура әсерінен тағы төрт машина зақымданды. 15 көлікті ғимараттан алып шығу мүмкін болды.
Өртті сөндіруге екі сағат уақыт кетті. 23:09-де ауыздықталып, 23:47-де сөндірілді.
Қызыл жалын 600 шаршы метр аумақты шарпыған. Ғимараттың жалпы аумағы - 1 300 шаршы метр. Оған жету үшін эвакуатор көмегіне жүгінуге тура келді.
Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Оқиғаның себебі анықталып жатыр.