НҰР-СҰЛТАН, 2 ақпан – Sputnik. "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі "Отбасы банк" АҚ басқарма төрағасы Ибрагимова зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты кеңес берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Өзім консервативті жолды таңдайтын едім. Бір жарым жылдан кейін 50-ге келемін. Сондықтан менің жеке ойым, зейнеткерлікке 15 жылдай уақыт қалса, консервативтік сценарийді ұстанып, ақшаны барынша түсінікті активке салған жөн. Бірыңғай зейнетақы қорында қалдырған да дұрыс. Сонда жасыңыз келгенде лайықты зейнетақы аласыз", - деді Ибрагимова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, зейнетақы жинағын сенімгерлік компанияға бергісі келетін адамдар маңызды жайтты ескеруі керек.
"Қауіп-қатер жоғары болса, табыстың ықтимал көлемі көп болады. Сондықтан зейнетақы жинағын сенімгерлік басқаруға беріп, сол ақшаның есебінен құнды қағаздар портфелін жасақтайтын болсаңыз, портфель құнсыздануы мүмкін екенін ұмытпаңыз. Дегенмен, басқарушы компанияларда қаржылық жағынан сауатты адамдар істейді деп ойлаймын. Олар дұрыс шешім қабылдауға көмектесуі тиіс", - деп атап көрсетті Ибрагимова.