НҰР-СҰЛТАН, 2 ақпан – Sputnik. Коронавирусқа қарсы екпе салдырған адамдардың иммундық мәртебесі туралы ақпарат қамтылған QR-коды болады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Отандық мобильді қосымшаны жеке иммундық мәртебе туралы ақпарат қамтылған QR-кодтарды енгізу бөлігінде толықтыру үшін e-govMobail мобильді қосымшасын іске қосу жоспарланып отыр. Қосымша "Ashyq" медициналық қосымшасымен интеграцияланады", - деді Цой үкімет отырысында.
QR-код көмегімен азаматтың коронавирусқа қарсы вакциналаудан өтіп-өтпегенін білуге болады.
Министр 1 ақпанда республикада жаппай вакциналау науқаны басталғанын еске салды. Ол вакциналауды ұйымдастыру және өткізу бойынша әдістемелік ұсынымдар, сондай-ақ, вакциналарды сақтау және тасымалдау регламенті әзірленіп, бекітілгенін атап өтті. Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр, деп сендірді Цой.
Бұған дейін қазақстандықтар коронавирусқа байланысты қызыл, сары, көк және жасыл түстерге "бөлініп", кейбір мекемелерге QR-код арқылы кіргізілетіні хабарланды.
Пилоттық жоба карантин кезеңінде қызметі шектелген мекемелер арасында өткізіліп жатыр.