НҰР-СҰЛТАН, 2 ақпан — Sputnik. Мәскеудегі онлайн-брифинг барысында ҰҚШҰ бас хатшысы Станислав Зась 2021 жылға жоспарналған оқу-жаттығулар туралы айтып берді.
Сонымен, биылғы жылы ҰҚШҰ сегіз ірі оқу-жаттығу өткізуді жоспарлап отыр. Айта кету керек, олардың басым бөлігі Тәжікстанда өтеді. Себебі, 2021 жылы Тәжікстан ұйымға төрағалық етеді.
"Негізінен "Эшелон" оқу-жаттығулары жоспарланып отыр. Оның аясында ұжымдық жедел әрекет ету күштері, барлау және басқа да күштер мен құралдардың қатысуымен ірі оқу-жаттығулар өтеді. Оқу-жаттығулардың басым бөлігі екінші жартыжылдыққа жоспарланған. ҰҚШҰ коронавирус пандемиясына байланысты шараға қатысушыларға қатысты туындайтын барлық жағдайға бейімделеді", - деді Зась.
Оның айтуынша, коронавирус пандемиясына байланысты өткен жылы көп іс-шара онлайн-форматқа ауыстырылған немесе кейінге қалдырылған.
"Осы жылы эпидемиологиялық жағдай жоспардың барлығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп үміттенеміз", - деді Зась.
Еске сала кетейік, бұған дейін хабарланғандай, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қатысушы мемлекеттер Қазақстанда жедел әрекет ету ұжымдық күштерінің оқу-жаттығуларын өткізу туралы келісті. Бұл шара 2022 жылға жоспарланған.