Экономика

Қытай шекарасында тұралап қалған вагондарға қатысты ақпарат тарады

© REUTERS / Thomas PeterКонтейнерді тиеп-түсіру
Контейнерді тиеп-түсіру - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.02.2021
Жазылу
Бес күнге созылған келіссөз нәтижесінде қытайлық тарап қазақстандық жүк пойыздарын қабылдауды арттыратын болды

НҰР-СҰЛТАН, 2 ақпан – Sputnik. Қазақстан мен Қытай COVID-19 жағдайында Қазақстан-Қытай шекарасында жүк пойыздарын өткізу бойынша келіссөздер жүргізді. Бұл жөнінде "ҚТЖ – Жүк тасымалы" ЖШС баспасөз қызметі хабарлады.

Бейнеконференция форматында өткен келіссөздер 27 қаңтардан 1 ақпанға дейін бес күнге созылды. Оған "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ және "Үрімші темір жолдары" ЖШҚ делегациялары мен мүдделі мемлекеттік органдар қатысты.

Келіссөздер нәтижесінде қытайлық тарап жүк пойыздарын қабылдауды арттыру бойынша шаралар қабылдайтын болады: Алашаңқай станциясында – тәулігіне 18 пойыз, ал 1 наурыздан бастап тәулігіне 20 пойыздан, Қорғас станциясында – тәулігіне 8 пойыз, 1 наурыздан бастап тәулігіне 10 пойыздан қабылдайды.

Еске салсақ, өткен жылдың соңында ҚХР тарапынан қатаң эпидемиологиялық бақылау шараларын енгізуге байланысты Достық – Алашаңқай және Алтынкөл – Қорғас шекара өткелдерінде Қазақстан аумағында 16 мың жүк тиелген вагон, Қытай жағында 6 мыңға жуық вагон тұралап қалды.

Тараптар жоспарланған жүк көлемін қабылдау және өңдеуге Достық – Алашаңқай және Алтынкөл – Қорғас станциялары бойынша терминалдардың қайта тиеу қуаты толық дайын екенін атап өтті.

Қытайлық тараптың вагондарды ұзақ қабылдау себебі айтылды

Сондай-ақ, Қытай Қазақстан аумағында тоқтап тұрған азық-түлік жүгі бар жабық вагондарға қатысты жедел шаралар қабылдайды.

1 ақпаннан ҚХР Алашаңқай мен Қорғас станциялары аумағында тұрған жабық вагондарды түсіруді бастады. Мұнда 430 жабық вагон туралы сөз болып отыр. Одан кейін Қазақстан аумағында тұрған 2 200 жабық вагонды қабылдау жоспарланған.

Вагондарды ұзақ қабылдаудың бір себебі – Қытай жағында тұрған жылжымалы құрамға зарарсыздандыру жүргізу. Осыған байланысты қазақстандық тарап Қытай мемлекеттік сәйкестікті бағалау жөніндегі комитетімен (CNAS) акредиттелген және сертификаты халықаралық деңгейде танылған сертификаттау жөніндегі "China Certification & Inspection Group" (CCIC) компаниясын осы жұмыстарға тарта отырып, сыртқы зарарсыздандыру рәсімдерін жүзеге асыруға дайындығын мәлімдеді.

Сондай-ақ, тараптар екі ел арасындағы шекаралық өткелдердің инфрақұрылымын ары қарай дамыту бойынша бірлескен шаралар қабылдау туралы келісті.

Оқи отырыңыз: Қазақстан-Қытай шекарасы неге жабылатыны белгілі болды

Алдағы уақытта темір жол саласындағы екі ел мамандары "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС – "Алматы ЖТ бөлімшесі" филиалы мен "Үрімші темір жолы" ЖШҚ халықаралық тасымалдар департаменті өкілдерінің қатысуымен апта сайын жұмыс кездесулерін өткізуге ниетті.

Жаңалықтар
0