НҰР-СҰЛТАН, 2 ақпан – Sputnik. Премьер-министр Асқар Мамин биыл үкімет қандай мақсаттарға қол жеткізуі тиіс екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін министрлер үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы айқындап берген тапсырмаларды орындауға қатысты ұсыныстарды жария етті.
Премьер-министр мемлекет басшысының әр тапсырмасын нәтижелі әрі жедел орындау қажет екенін атап өтті.
"Үкіметтің 2021 жылғы басты мақсаты – экономикалық өсуді 3%-ке қамтамасыз ету, негізгі капиталға инвестицияны 20%-ке дейін, жалпы ішкі өнімді және шағын және орта бизнестің үлесін 30%-ке ұлғайту, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 1,4 есеге, өңдеу өнеркәсібін – 10%-ке арттыру, жұмыссыздықты 4,9%-ке дейін қысқарту", – деді Мамин үкімет отырысында.
Қабылданып жатқан шаралар халық пен бизнеске жан-жақты қолдау көрсетуді, сондай-ақ экономикалық белсенділікті жандандыруды қамтамасыз етуі керек. Жаңа жағдайда шикізаттық емес экспортты проактивті дамытуға және әртараптандырылған экономиканы дамытуға назар аударымыз қажет, деп жалғастырды ол.
"Президент өмір сүру сапасын жақсарта отырып, халықтың табысын арттыру басты міндет екенін атап өтті. Мемлекеттік органдардың әр шешімі, әр іс-қимылы экономиканы дамытуға және халықтың игілігіне бағытталуы тиіс", – деді премьер.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда көлеңкелі үкімет құрылуы мүмкін бе – министр жауап берді
Мамин ұлттық экономика министрлігіне екі күн ішінде президент тапсырмаларын орындау жөніндегі жол картасын премьер-министрдің кеңсесіне енгізуді тапсырды.
Жоспардың іске асырылуын бақылау және үйлестіру премьер-министрдің орынбасары Әлихан Смайыловқа жүктелді.