Қоғам

Алматыда 14 жастағы егіз қыз иттерге арналған үйшік жасап жүр – фото

© Sputnik / Тимур БатыршинКристина мен Элина Каримовалар
Кристина мен Элина Каримовалар  - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.02.2021
Жазылу
Алматы облысы Панфилов ауылында тұратын Кристина мен Элина Каримовалар паналайтын жер таппай жүрген иттерге арнап үйшік жасайды, жануарларға қорлық көрсеткендер жайлы қажетті органдарға хабар береді

АЛМАТЫ, 2 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда жануарларға қорлық көрсету ісі кейінгі жылдары қызу талқыға түсіп келеді. Оған азаматтардың әлеуметтік желіде оқырман жинау үшін түсірілген видеолары, үй жануарларына қорлық көрсетуге қатысты арыздың көбейгені себеп болды. Алайда жақсылық жасап, жануарларды қорғау ісіне дендеп кіріскендер де бар. Sputnik Қазақстан тілшісі Алматыдағы "Белый бим" орталығының оңалту бөліміне барып, ерікті ретінде жануарларға үйшік жасайтын жасөспірімдермен әңгімелесті.

Сонымен қатар Animal Security жануарларды қорғау қорының президенті Наталья Сульжик журналистикадан қоғамдық жұмысқа қалай ауысқанын айтып берді.

Сыйлыққа құрал-сайман сұраған

14 жастағы егіз Кристина мен Элина Каримовалар Алматы облысы Панфилов ауылында тұрады. Олар қазір Алматыдағы жануарларға пана болған бірнеше  орталықта үйсіз қалған иттерге арнап үйшік жасайды. Сондай-ақ, үй жануарларына қатыгездік танытатын адамдар жайлы құзырлы органдарға хабарлайды.

© Sputnik / Тимур БатыршинЖасөспірімдер ағаш кесуге арналған араны қолдануды өздері үйреніп алған
Алматыда 14 жастағы егіз қыз иттерге арналған үйшік жасап жүр – фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.02.2021
Жасөспірімдер ағаш кесуге арналған араны қолдануды өздері үйреніп алған

Егіз қыз жануарлардың қорғансыз күйін көрген кезде осы іспен айналысамыз деп шешкен. Себебі өздері тұратын ауылда бірнеше рет үй жануарын азаптаған жағдай тіркелген.

"Иесі тастап кеткен соң иттер көшеде аш жүреді, аштан өліп кететін оқиғалар да бар. Жануарлардың осындай дәрменсіз хәлін көрген кезде жанымыз ашиды. Осы іске дендеп кірісуімізге де сол себеп болған шығар", - дейді Кристина мен Элина.

Жасөспірімдер анасынан жаңа жылға құрал-сайман сыйлауын сұраған. Ал қазір ағаш кесуге арналған араны оңай қолданып, далада қалған иттерге баспана жасап жүр.

© Sputnik / Тимур БатыршинИттерге арналған үйшіктер еріктілер алып берген заттардан жасалады
Алматыда 14 жастағы егіз қыз иттерге арналған үйшік жасап жүр – фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.02.2021
Иттерге арналған үйшіктер еріктілер алып берген заттардан жасалады

"Ағаш, шегемен жұмыс істеуге үйреніп кеттік, бұл жағынан қиындық болған емес. Бала кезден үйшік жасаумен айналыстық, ол кезде қазір қолда бар құрал-сайманды қолданған жоқпыз. Ал бұл саймандарды қолдануды да ешкім үйретпеді, қолға түскен соң бірден қолданып жүрміз", - дейді олар.

Егіз қыз болашақта немен айналысатынын да шешіп қойған. Екеуі де ветеринар мамандығы бойынша жоғары білім алып, жануарларға пана болатын орталық ашқысы келеді.

Олар өз құрдастарын да жағдайға бей-жай қарамай, жануарларға қамқор болуға шақырды.

"Жануарларды тастамай, оларға қамқор болса екен дейміз. Соның өзі үлкен көмек. Ал қатыгездік танытатындар жануарларды қорламай, адами құндылықтарды сақтаса екен", - деді Кристина.

Журналистикадан жануарларды қорғауға дейін...

Әркім қоғамдық жұмысқа әртүрлі жағдайда, әртүрлі себеппен келеді. Сөзімізге тілшілік қызметін тастап, қоғамдық қор құрып, жануарлардың адам қорлығы құрбаны болмауы үшін қызмет етіп жүрген Наталья Сульжик дәлел бола алады.

© Sputnik / Тимур БатыршинНаталья Сульжик жануарларға қамқорлық жасауға он жыл бұрын кіріскен
Алматыда 14 жастағы егіз қыз иттерге арналған үйшік жасап жүр – фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.02.2021
Наталья Сульжик жануарларға қамқорлық жасауға он жыл бұрын кіріскен

Наталья он жыл бұрын бұл жұмысқа иесіз қалған жүз шақты итке қамқорлық жасап жүріп кіріскен.

"Телеарнада жұмыс істеп жүрген кезімде үйінде жүзге жуық жануарды асырап отырған әже туралы фильм түсірдік. Кейіннен күйеуім екеуміз ол кісінің дүниеден өткенін естіп, иесіз қалған иттерге қамқорлық жасадық.  Сол уақытта жиһаз жасайтын цехымыз болды, алдымен иттерге арнап үйшік жасадық. Бәрі осылай басталды", - дейді ол.

Алатау ауданында орналасқан орталықта ит пен мысық, тіпті жанат та бар. Жарақаты бар иттерге арнайы ем-дом жасалып, әрқайсысына жеке-жеке жағдай жасалған. Иттер сыртта, мысықтардың үйшігі үй ішінде орналасқан.

"Бұл жерде оңалтуға жіберілген үй жануарлары бар. Арасында көлік дөңгелегінің астына түскен, түрлі жарақат алған 15 шақты ит бар. Бірнеше мысық пен жанат (енот) үйдің ішінде. Бір жарқанат бар еді, алайда ол бір жерге тығылып қалды. Ал жалпы орталықта 150-ден аса жануар бар", - деді Наталья.

Айтуынша, арасында азапталған үй жануары көп.

Ата-аналар белсенді ме?

Әңгіме барысында Наталья Сульжик қыздармен қалай танысқанын айтып берді. Айтуынша, бастапқыда олардың мектептегі мұғалімі хабарласып, оқушылардың жайсыз жағдайдың куәгері болғанын айтқан.

"Қыздардың мектептегі мұғалімі хабарласып, жануарларға қатыгездік танытқан адамның пайда болғанын, балалардың оған куә екенін айтты. Сол маңның тұрғыны мысықтың аяғын кесіп, көзін ойып алмақ болған. Соны естіп, денесінің бәрі күйіп қалған мысықты алып кеттік. Содан кейін мұны кімнің жасағанын анықтай бастадық. Сол кезде қыздар түсіндіріп, көргенін айтып берді", - деді Наталья.

Айтуынша, мектеп оқушылары қаскөйлердің жануарларға үнемі қатыгездік танытатынын көрген.

"Сол жерге барып, оқиғаның мән-жайын анықтадық. Учаскелік полицейді шақырып, жағдайды анықтауын талап еттік. Іске баспасөз де тартылды", - деді Сульжик.

Ал жануарларды қорлағандар психиатриялық емханада тексеруден өткен. Олардың ойлау қабілетінде ауытқу бар екені анықталған. Олар мәжбүрлеп емдеуге аурухана жатқызылды.

"Панфилов ауданы бойынша жануарларға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты хабар беріп отыру үшін ашылған арнайы топ бар. Мұндай топ барлық аудан бойынша ашылды. Қоғамдық қор ретінде қажет кезде көмек көрсету үшін бұл аса қажет. Осы жердегі үш итті қыздар айтқан соң алып келдік. Олардың біреуіне оқ тиген, қалған екі ит адамнан қорлық көрген", - деді ол.

© Sputnik / Тимур БатыршинКристина мен Элина анасынан жаңа жылға құрал-сайман сыйлауын өтінген
Алматыда 14 жастағы егіз қыз иттерге арналған үйшік жасап жүр – фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.02.2021
Кристина мен Элина анасынан жаңа жылға құрал-сайман сыйлауын өтінген

Наталья ата-аналардың бұл мәселеге назар аудара бермейтінін, тіпті балалардың сөзіне құлақ аспайтынын айтты. Алайда салыстырмалы түрде бұл ауылдың тұрғындары балаларын мейірімді болуға тәрбиелейді.

"Панфилов ауылына барған кезде басқа әлемге түскендей болдым. Ол жақтағы балаларды қалада өскен баламен салыстыруға келмейді. Жетідегі баладан бастап жануарларды қорлаған үйге еріп барды. Олар мысықтарға жаны ашитынын айтып, қатыгездердің қай жерде мысықты қорлағанын, қай жерде итті өлтіргенін көрсетті. Соны көрген кезде жылағанын айтып, көмек сұрады", - деді ол.

Қыздарға құрылыс материалдары қажет

Қыздар иттерге арналған үйшікті еріктілер алып берген заттардан жасап жатыр. Алайда жаңасын жасап жатқан кезде ескінің сынуы да табиғи құбылыс. Сол себепті құрылысқа қажетті тақтай мен шеге, шұрып қажет. Оның өзі біршама қаржыны талап етеді. Ал темірден жасалатын бір үйшікке 70-80 мың теңге кетеді.

Сонымен қатар егіз қыз тек бұл орталыққа ғана емес, басқа да жануарларға пана болып отырған орталықтарға көмектеседі.

"Мұндай жасөспірімдер жоқтың қасы. Жануарларға қамқорлық көрсетіп, қолынан келген көмегін аямайтын сирек кездесетін балалар. Олардың тұратын жеріндегі халық та сондай. Ол жаққа барсаң, уақыт тоқтап қалғандай көрінеді. Көрші-қолаңмен жақсы қарым-қатынасты сақтап қалған", - дейді Наталья Сульжик.

© Sputnik / Тимур Батыршин"Белый бим" орталығында оңалтуға жіберілген үй жануарлары бар
Алматыда 14 жастағы егіз қыз иттерге арналған үйшік жасап жүр – фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.02.2021
"Белый бим" орталығында оңалтуға жіберілген үй жануарлары бар

Қаланың баласы ашуланшақ келеді, себебі оларға бала күннен мұның бәрі кедергі келтіретінін айтады. Барлығы ата-анадан беріледі, деп толықтырды ол.

"Қыздар бойжеткен соң біздің орнымызға осы істі жалғастырып қалатынына сенемін. Көктем шыққан соң да басқа да орталықтарға апарамыз. Мұндай балаларды жан-жақтан қолдау қажет. Балалар көмек көрсеткісі келсе, бетін қайтармаған жөн ", - деді ол.

Айта кетейік, көмек көрсеткісі келетіндер "Белый бим" орталығына, Animal Security жануарларды қорғау қорына хабарласа алады. Сонымен қатар жануарларға қатысты қатыгездіктің куәгерлері де хабарласса болады.

Заң – күлкілі, азаматтар белсенді емес...

"Қазір полициямен жұмыс бір жолға қойылған. Осы уақытқа дейін жануарларға қатыгездік танытқан екі адам жазаланды, бір адам сотқа тартылды. Бір адам жануарларға қатыгездік таныту бабы бойынша сотталды. Ол әйелін де ұрған, екі іс қосылып, бір жылдан астам уақытқа қамалды. Сот кінәлі деп танып, 15 күнді осы бап бойынша қосты", - деді Сульжик.

Айтуынша, ит қазір тірі, полиция дер кезінде келген. Ол итті де, әйелін де ұрған.

Сондай-ақ, итті атқан адам да әкімшілік құқық бұзушылық бойынша кінәлі деп танылды. Қару тәркіленіп, аң аулау лицензиясынан айырылды. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтен қуылған.

"Біз жануарларға қорлық көрсеткендерді сотқа тарта аламыз, алайда оларға айтарлықтай жаза да жоқ. Көп болса 50 мың теңге көлемінде айыппұл салады. Ең сорақы жағдайға кінәлі адам 15 күнге қамалады. Ал қалған жағдайда қоғамдық жұмысқа тартылады немесе айыппұл төлейді", - деді Сульжик.

Айтуынша, заңда жануарларға қатыгездік танытқан адамға ұзақ мерзімге жаза қарастырылмаған. Қамауға алу, бас бостандығынан айыру секілді жаза берілмейді. Сондықтан заңды күшейту қажет, ал ол үшін азаматтар белсенді болуы керек.

"Бұл заңды қайта қарауды талап етуге мүмкіндік алатындай азаматтардан көп арыз-шағым түспейді. Қазақстанның кез келген қаласынан сондай жағдайдың куәгері болсаңыз, хабарласу қажет. Біз жануарларды қорғауға қатысты барлық ұйыммен жұмыс істейміз. Арызды қалай жазу қажет екенін түсіндіреміз, қажет болған жағдайда хабарласқан адамның атынан арыз жаза аламыз", - дейді ол.

Әдетте азамат көршісінің жануарларға қатыгездік танытқанына куә болса, алайда онымен қарым-қатынасын бұзғысы келмесе, қор ол адамның орнына арыз жазуға дайын.

"Егер жылына 2-3 мың арыз түссе, ішкі істер министрлігіне заңды өзгертуге ұсыныс айта аламыз. Қазіргі заңның күлкілі екенін, ол адамдардың ертең балаларды өлтіруден тайынбайтынын айтып, мәселе көтереміз. Жануарға қатыгездік танытқан адамнан маньяк пайда болады. Олардың басым бөлігі балалар мен қарттарға, әйелдерге қорлық көрсетеді", - дейді ол.

Жануарларға жасалатын қорлықты тоқтату үшін оларды түрмеге қамау қажет. Бірнеше айға темір торға қамаудың өзі жеткілікті. Бұл жақсы тәжірибе болар еді. Тек айыппұлмен айыбын өтеймін деген ойдан арылған жағдайда, хайп үшін жануарларды қорлайтын бір топ адамның әрекетіне тосқауыл бола аламыз, деп түйіндеді Наталья Сульжик.

Жаңалықтар
0